ЖАҢА ЖЫЛҒА – ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ
Алматыда Қазақ мемлекеттік циркі жаңа жыл қарсаңында «Жаңа жылдық судоку» атты жаңа қойылымын тарту етті. Қойылым басталмас бұрын цирк ұжымы бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұл жолғы қойылым тек балдырғандарға ғана емес, әртүрлі жастағы көрермендерге арналған десек те болады. Ертегі сюжетінде жапон рухы Эмма өзінің жауыз нөкерлерімен бірігіп, жаңа-жылдық мерекені болдырмау үшін судокуды ұрлауға күш салады. Цирк артистері үйретілген жануарлармен бірігіп, көрермендер де қосылып сиқырлы сандарды тауып, судокуды шешуге атсалысады. Ертегі соңында Ақшақарға көмекшілері мен орман жануарлары жаңа жылдық сыйлықтарды әкелуге көмектеседі. Ал Аяз ата барлығына пиксель супершоуын сыйлап, керемет шырша жарқ етіп, жаңа 2019 жыл келеді.
Аренада бір ғана ертегі сюжеті емес, бірнеше қойылым сахналанып жатқан тәрізді әсер қалдырды. Акробаттар түрлі трюктер жасап жатса, үйретілген жануарлар рет-ретімен өнерін көрсетіп таңғалдырумен болды. Сондай-ақ Испаниядан келген әлемге әйгілі клоун Армен Асириянц өнер көрсете жүріп, көрерменді де аренаға шығарып түрлі ойындар ойнатуды ұмытпады. Шоудың ең бір ерекше әрі таңғалдырған тұсы атты-акробатиялық «Номад» тобы қыздарының атпен шауып көрсеткен өнері болды.
– Бүгінгі жаңа базарлық жапон тақырыбына негізделіп қойылған. Жапон елінің тәртібі, тәлім-тәрбиесі қазақ ұлтына ұқсас болғандықтан, соған негіздеп барлық жанрды біріктіріп, жаңа қойылымды ұйымдастырдық. Соған орай, жаңа костюмдер тіктірдік. Сахнада жан-жануарлардан бөлек, 65 адам өнер көрсетеді. Тақырыбы «Жаңа жылдық судоку» болғандықтан, ертегі қаһармандарына бүкіл зал болып судокудың шешімін табуға көмектесетін болады. Сонымен қатар қойылымның бұл жолғы ең басты ерекшелігі – ат үстінде жігіттер жасайтын тюрктарды қыздар бірінші рет орындағалы отыр, – деді Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.
Шығармашылық ұжымның тынымсыз еңбегі мен белгілі қазақстандық режиссерлік қойылым тобының жұмыс істеуімен жаңа жылдық шоу көрермен көңілінен шыға білді.
Бифат НҰРМАХАН
Дереккөз: Айқын