Жаңа жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем жасамағандар жауапқа тартыла ма?
Сенат екінші оқылымда ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Бүгін сенаторлар жаңа құқықтық режим – бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізуді көздейтін заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы мемлекет басшысының өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Заң жобасының негізгі жаңалығы – бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін жаңа құқықтық режим – Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу.
«Бірыңғай жиынтық төлем бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен алмастырады», — деді министр сенат отырысында.
Оның айтуынша, БЖТ-ны төлейтіндер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, елордада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК (2525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК (1263 теңге) деп белгіленді.
Қалған санаттағы азаматтар үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеудің қолданыстағы тәртібі сақталады.
«Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде бейресми жұмыспен қамтылғандар қатарындағы 500 мың адамның қызметін формализациялау көзделіп отыр. Сондай-ақ 65,4 мың төлеуші патент және жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режимінен ауысады деп жоспарлануда», — деді Әбілқасымова.
Жалпы алғанда, БЖТ-ны төлейтіндер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысып, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға, сол арқылы жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы алуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер ала алады.
Осы заң бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев БЖТ-ны төлеу әркімнің өз қалауы, өз еркі екенін атап өтті.
«Жүйеге қатысу не қатыспау – жеке тұлғаның құқығы. Бірыңғай жиынтық төлемді төлемегені үшін оған қандай да бір жауапкершілікке тарту шаралары қолданылмайды. Адамдар БЖТ-ны банктер, терминалдар, мобильді операторлар және пошта бөлімшелері арқылы «Ааматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына аудара алады», — деді депутат.
Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БЖТ сомасын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, БЖЗҚ және төлеушілердің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджетке аударады.
Сенат депутаттары мәжіліс мақұлдаған заң жобасын екі оқылымда да қабылдады.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/