ЖАҢА ЖЫЛДА БАЙЛАНЫССЫЗ ҚАЛМАЙМЫЗ | «Айқын» газеті

0

Жаңалықты жеткізу жеделдігіне жол бергенімен, дәстүрлі газеттер жарнама таратуда бәрібір ұтатын болады. Өйткені оқырманның интернетке қарағанда, газеттегі мақалаға он есе көп уақыт бөліп, зейін қоя оқитыны дәлелденген. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осындай байламын жария етті.

Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева осы Үкімет сағатына арқау болған, Елбасы тапсырма­сымен қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына да бір жылдай уақыт өткенін еске салды.
– «Цифрлы Қазақстан» – маңызды әрі кешенді бағдарлама, ол цифрлы техноло­гияларды пайдалану есебінен елдің әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Болжамға сәйкес, цифрландыру жобаларын іске асырудан келетін жиынтық әсер 2025 жылдан бастап елдің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етеді. Жетекші әлемдік сарапшылар бол­жа­мынша, 2020 жылға таман әлемдік эконо­миканың төрттен бірі цифрландырылады. Сондықтан цифрландыру көп елде даму­дың стратегиялық басымдығы болып саналады, – деді вице-спикер.
Г.Исимбаеваның айтуынша, өткен 1 жыл ішінде бағдарламаны жүзеге асыруда біраз шара атқарылды. Ілгерілеушілік бар. Де­путаттық корпус та барынша қолдау көрсе­туде: цифрландыруды дамытуға ықпал ететін бірқатар заң қабылдады. Атап айтқанда, электронды сауда мәселелерін реттейтін заң­намалық нормалар енгізілді. Олар электронды сауда субъектілерінің аясын кеңейте отырып, электронды сауданы дамытуды ынталан­дыруды көздейді.
Астанада жақында ашылған Astana Hub IT стартаптардың халықаралық технопаркі толыққанды жұмыс істеуі үшін депутаттар Салық кодексіне Astana Hub халықаралық технологиялық паркі қатысушыларына салықтық преференциялар беретін заңнамалық түзетулер енгізді. Бұған қоса, Электронды еңбек биржасын құруға арналған құқықтық негіздер заңнамалық тұрғыдан баянды етілді. Бұл жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру рәсімін жеңілдетеді.
Әйткенмен, бағдарламаны іске асыру барысында халықта да, қалаулыларда да бірқатар мәселе туындаған. Оған жауап табу үшін депутаттар Үкіметтен жауапты тұл­ға­ларды шақырып, көкейдегі сұрақтарын қойды.
Мәселен, жыл аяқталғанға дейін ұялы байланыс нөмірлерін емес, ұялы телефон­да­рының өзін тіркетіп үлгермеген қазақстан­дықтарға 2019 жылы ұялы байланыс қызметі көрсетілмейтін болады. Қазіргі кезде елімізде 26 миллион абонент бар көрінеді. Алайда соның тек 14 миллиондайының телефоны рес­­ми тіркеуден өткен. Осы орайда Мәжіліс депутаттары Жаңа жыл мерекесі күні, яғни 1 қаңтарда бірнеше миллион азаматтың теле­фоны құр пластикке айналып, олар ұялы бай­ланыссыз қалатынына алаңдаушылық білдірді.
Ақпарат және коммуникациялар минис­трі Д.Абаевтың айтуынша, Қазақстан хал­қының шамамен 70 пайызы төл ұялы теле­фондарының IMEI-кодын тіркеткен. Ол миллиондаған адамдардың жаңажылдық мерекелік көңіл күйі бұзылмасына сенім білдірді.
– Бізде 26 миллион абонент тіркелгені­мен, халқымыздың саны 18 миллион ғана. Бұл жерде бір адамның бірнеше телефонға, 3-4 сим-картаға иелік етуі туралы сөз болуда. Бүгінде тұрғындардың 70 пайызы тіркеу­ден өте алды. Ендеше, халықтың үлкен бөлі­гінің еш қауіптенетін негізі жоқ. Бұдан өзге, тағы 2-3 пайызы автокөліктердің сигнали­зациясындағы тіркелмейтін құрылғыларға тиесілі. Олар тіркеуге жатпайды. Қалған адам­дар арасында біз түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, олардың деректері барлық ұялы байланыс операторында бар. Менің ойымша, ешқандай проблема болмайды, адамдар ­Жа­ңа жылда байланыссыз қалмайтыны анық, – деген Д.Абаев ХҚКО-ларда, Қаз­пошта бөлімшелерінде телефонды тіркеу керектігі туралы құлақтандыру шаралары қолға алынғанын қосты.
Сонымен бірге, ол қандай ұялы телефон қожайындары келесі жылы проблемаға кезігуі мүмкіндігін жасырмай айта кетті. Оның пайымдауынша, осы шара мектептер­дегі ұсақ қылмыстарға тойтарыс беруге тиіс.
«Біз біріншіден, тіркеу нәтижесінде абоненттердің санына қатысты тәртіп орнатамыз. Шынында, қандай нөмір мен телефонның нақты жұмыс істеп тұрғанын, қаншасы бұрыннан пайдаланылмайтынын анықтаймыз. Екіншіден, құқықбұзу­шылық­тарға қарсы күрес күшейеді. Балаларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтардың ша­мамен 80 пайызы олардың ұялы телефон­дарын тартып алу не ұрлаумен байланысты. Олай болса, осы тіркеу арқасында балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық­бұзушы­лықтарды сексен пайызға кеміте аламыз», – деді министр.
Дәурен Абаев жаппай цифрландыру аясындағы қағаз күйдегі газеттердің тағды­рына қатысты ойын да білдіре кетті. Ақпарат және коммуникациялар министрі газеттерді мемлекеттік қолдау жалғасатынын, мұндай саясат тіпті дамыған елдерде де жүргізілетінін нықтады.
– Біз отандық баспасөзді дамыту үшін жағдай жасауға тиіспіз. Яғни, адамдар кез келген өңірде газетті сатып алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сонымен қатар біз басы­лымдардың мазмұны мен мақалаларының сапалы болуына мән беруіміз керек. Бұл ретте мен газеттерге тек ерікті түрде жазылуды қолдаймын. Жалпы, газеттер өз өзектілігін жоғалтпасына сенімдімін. Өйткені арнайы жүргізілген зерттеулер оқырманның газетті терең үңіліп, зер сала оқитынын көрсеткен. Мысалға, онлайн мақаланы адамдар тез оқып, оған шамамен 40 секунд қана бөледі. Ал газет мақаласына одан он есе көп уақыт арнайтыны анықталды. Демек, жарнама бе­ру­шілердің таңдауы да баспасөз басы­лым­дарына түседі деген сөз, – деп түйді Д.Абаев.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын