Жаңа жыл алдында орындауыңыз керек 7 іс

0

Жоспарыңызда жазылған істерді орындап, жаңа жоспар құру

2018 жыл басталғанда әр адам жоспар құрып, ойға алған ісін жүзеге асыруға кірісті. Солардың ішінде түрлі себеппен орындалмай қалған тармақтар болады. Міне, жоспардағы осындай істерді тез арада жүзеге асырып, келесі жылға жаңа жоспар құрыңыз. Бұрыннан ойыңызда жүрген мақсаттар, үйренгіңіз келетін тілдер немесе қомақты ақшаға сатып алатын заттарды жазып, жаңа жылдан бастап іске кірісіңіз.

Жұмыстарды алдын ала ойластыру

Жаңа жылдың қарсаңында жұмыстың көбейіп кететіні белгілі. Онымен бірге күнделікті тұрмыстың шаруалары да үйіліп қалады. Әуелі желтоқсанның соңына дейін орындауыңыз керек істерді қағазға жазыңыз. Бұл ештеңені ұмытпай, бәрін ойластыруға, қай істі жақын арада бітіру керек екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Жылды қорытындылау

Өтіп бара жатқан жылда өміріңізде қандай жаңалық болды, кіммен таныстыңыз, қанша кітап оқыдыңыз? Төмендегі тақырыпшаларды қолданып, қойын дәптеріңізге осы жыл несімен есте қалғанын жазып қойыңыз.

  • Сіздің осы жылғы жаңалықтарыңыз
  • Танысқан, достасқан адамдарыңыз
  • Барған, ерекше әсер қалдырған жерлер
  • Оқыған кітаптар мен мақалалар
  • Ұнаған фильмдер мен телехикаялар
  • Осы жылмен байланысты есіңізде қалған сөздер
  • Алғыс айтқан адамдар мен сәттер

Керек емес заттарды беру немесе тастау

Бір жылдың ішінде бөлмеңізде кимейтін киімдер мен пайдаланбайтын заттар толып қалған болар. Оларды үйде сақтағаннан ешқандай пайда жоғын ескеріп, жақын адамыңызға немесе мұқтаж жандарға таратыңыз. Ескі заттарды тастау – жаңа дүниелердің келуіне себеп болады.

Жақын адамыңызға сыйлық жасау

Мейрам күндері сыйлық алғанды кім жақсы көрмейді? Ендеше жаңа жылды пайдаланып, жақын жандарыңызға сыйлықты өзіңіз таңдап, оларды бір қуантып қойыңыз. Сыйлық іздегенде жеңілдік жүріп жатқан дүкендерді де аралауды ұмытпаңыз. Мейрам қарсаңында мұндай жеңілдіктер көп болады.

Кешірім сұраңыз әрі көңілдегі реніштерді жойыңыз

Бір адамды байқаусызда ренжітіп қойып, өзіңізді ыңғайсыз сезініп жүрсеңіз, жаңа жылда мұндай реніштердің көңілде қалып қоюына жол бермеңіз. Ренжіткен адамыңызға хабарласып, кешірім сұраңыз немесе сыйлық алып үйіне іздеп барыңыз. Ренжіген адам бұл ісіңізді бағалап, қарым-қатынастарыңыз түзеліп кететініне күмән келтірмеңіз. Сонымен қатар өзіңіз де өкпеңіздің бәрін ұмытып, иығыңыздан ауыр жүкті түсіріңіз.

Өзіңізге сыйлық жасаңыз

Мейрам қарсаңында жақындарыңызға ғана емес, өзіңізге де сыйлық жасаңыз. Әсіресе, әйел адамдар үшін мейрамда өзін әдемі сезінуі маңызды. Көп ойланбай, өзіңізге ұнаған киімді сатып алыңыз, салонға жазылуды ұмытпаңыз. Ер адамдар иіссу мен көлігіне қажет заттарды алуына болады.

Сонымен қатар 2018-дің басында жинақ сандықшасына ақша жинауды бастаған болсаңыз, оны ашуды ұмытпаңыз. Жыл бойы жинаған табысыңызды өзіңізге жұмсаңыз. Бұл сіздің жаңажылдық сыйлығыңыз болады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz