ЖАҢА ЖАТАҚХАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ | «Айқын» газеті
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру шеңберінде «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Алмалы аудандық филиалы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жаңадан пайдалануға берілген жатақханаларына рейд ұйымдастырды.
Рейдке «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен Қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері және партия қызметкерлері қатысты.
Бұл – Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңбері аясында салынып, өткен айда ғана пайдалануға берілген жатақхана. Болашақ дәрігерлердің жайлы өмір сүріп, алаңсыз білім алуына лайық салынған жатақхана – 512 орынды. Негізі, көпқабатты жатақхананың құрылысы басталғанына біраз болған. 2013 жылы қызу басталған жұмыс екі жылдан кейін тоқтап қалды. Осы жазда құрылыс қайта қарқын алып, қараша айында су жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Көптен күткен жағымды жаңалыққа, әсіресе студенттер қауымы қуанды. Олардың жаңалықты қуана қабыл алғанын түсінуге болады, өйткені бұл оқу орнында 6000-ға жуық қалалық емес қыз-жігіт оқитын болса, оның жартысына жуығына жатақханадан орын тимей қиналып жүрген. Енді бұл жағдай – өткеннің еншісінде. Бұдан былай студенттерге жатақханадан орын да жеткілікті әрі ол жерде құдды үйдегідей жағдай жасалған.
– Біз осы рейд барысында студенттерге арналған жаңа жатақхананың жағдайымен таныстық. Студенттердің бөлмесіне кіріп қарадық, әр секцияда үш бөлме бар. Жуынатын бөлме, ас бөлме, үлкен кіреберіс бөлме де орналасқан. Бірінші қабатта студенттердің түрлі жиындар өткізуге арналған залы, оқу залы, интернетке қосылған компьютер залы бар. Кез келген студент қажет кезінде интернет қарап, сабаққа дайындала алады. Компьютерден қажет құжаттарын, анықтамаларды шығаруға мүмкіндік жасалған. Жатақхана асханасы таңғы 9-дан кешкі 20.00-ге дейін студенттерге қызмет көрсетеді. Студенттер таңғы, түскі және кешкі ас ішуге болады. Бұл жерде студенттерге барынша жағдай жасалған. Бөлмелер кең де жарық, барлық бөлмелер үстел, орындық, шкаф, төсек-орын сияқты қажетті жиһаздармен жабдықталған. Шағын ас бөлмеде электр плитасы, үстел, азық-түлік сақтауға, ыдыстар қоюға арналған шкаф бар. Жатақхана өткен айда ғана пайдалануға берілген. Құрылысқа қатысты ешқандай кемшіліктерді байқамадық. Әрине, біз бұл жағынан маман емеспіз, дегенмен ғимарат пайдалануға берілер алдында арнайы мамандардың тексеруінен өткен. Ең бастысы – жатақхана студенттерге өте қолайлы. Студенттер арнайы бағдарлама бойынша әлеуметтік жағдайына, сабақ үлгеріміне қарай орналастырылады, – дейді «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мүшесі Айгүл Қалықова.
Жатақханаларға арнайы жасалған рейдтен кейін студенттер үйінің ашылу салтанаты болды. Айтулы шараға денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ЖОО басшылары мен студенттер қатысты. Қатысушылардың айтуына қарағанда, бұл – елдегі ең үлкен және жайлы жатақхананың бірі.
– Осы кезге дейін студент-медиктерді жатақханамен қамтамасыз ету өте маңызды және үлкен міндеттің бірі болды. Қазір осыдан 20-30 жыл бұрынғы кезбен салыстырып қарағанда сутденттер саны анағұрлым өскен, бұл өз кезегінде үлкен мәселелер де туындатты. Қазір елімізде студенттер саны 500 мыңға жуықтады. Оның 41 пайызы қалалық емес жастар. Өткен оқу жылында осындай 85 мыңнан астам студент жатақхананы қажет еткен. Олардың басым бөлігі мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқиды. Әсіресе, алматылық студенттер жатақхана мәселесін көбірек тартып отыр. Жаңа студенттер үйі осы олқылықтың орнын толтыратын болды. Университет басшылығы Мемлекет басшысының студенттеррге жатақханаларда орын жетпеу мәселесін шешу тапсырмасын тез әрі нақты орындап шыққанын атап өткім келеді. Бұл жатақхана «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шеңберінде өте қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілді, – деді министр
Е.Біртанов.
Қазіргі таңда студенттер жатақханадан жайлы орын алып, жайғасып та үлгерді. Оларға қойылар басты талап – тәртіп пен мүліктерге жауапкершілікпен қарау.
Гүлнар ТӘЖИЕВА
Дереккөз: Айқын