Жаңа технология – жайқалған егін
Бірақ табиғаттың осы қытымырлығына қарамастан, Осакаров ауданындағы «Найдоровское» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік биыл бұрын-соңды болып көрмеген өнім жинады. Шаруашылық әрбір гектардан 50 центнер астық алды. Диқандар бұған жаңа және озық үлгідегі агротехнологияны қолдану арқылы қол жеткізген еді.
Биыл шаруашылық бидайдың «аустриялық» деп аталатын сұрыбының тұқымын 550 гектар алқапқа сіңірді. Жерді аустриялық мамандар жасап шығарған «Nourivit» инновациялық тыңайтқышымен өңдеді. Бұл тыңайтқыштың құрамында топырақты микроэлементтермен байытатын және оның ауа өткізгіштік қасиетін арттыратын микроорганизмдердің қосындысы бар. Мұның нәтижесі аста-төк өнім алуға қол жеткізді.
– Көрсеткіштер өте жақсы, сипаттамалар да тамаша. Бүгінде бұл бидайға Италия мен Аустрия тарапынан сұраныс бар. Сондықтан өнімді Еуропаға экспорттайтын боламыз. Бұл сұрыптың жұмсақ сортты бидайға қарағанда құны да жоғары. Мұнымен қоса, егер біз қатты сұрыпты бидай өсіру бағытында дамитын болсақ, еліміздің солтүстік аймақтарымен бәсекелесетін боламыз, – дейді «Найдоровское» ЖШС-нің жетекшісі Павел Лущак.
Келер жылы шаруашылық «аустриялық» тұқымын он есеге көбейтіп, 5 мың гектарға дейін дән сіңірмекші. Биылғы жыл қатты бидай сұрыбының тиімді екенін көрсетті. Сол себепті де бидайдың жұмсақ сұрыбы өсірілетін алқап қысқарып, соның есебінен қатты бидай тұқымы егілетін жер кеңейтілетін болады.
– Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтары «аустриялық» сұрып тұқымының тоннасын 220 мың теңгеден сатып алуға дайын. Баға арзан емес, әрине. Бірақ оның қайтарымы мол екенін жұрттың бәрі біледі. Гектарынан 50 центнер алу дегеніңізді бұрын кім көрген! Шаруалар кеткен шығынын алғашқы маусымда-ақ қайтарып алады. Биыл біз шамамен 750 тонна сатуды жоспарлап отырмыз, – дейді Павел Лущак.
«Найдоровское» ЖШС ауылшаруашылық техникаларының жаңаруына да баса мән береді. Келер жылы шаруашылық бірнеше заманауи комбайн сатып алмақшы. Бұл техникалардың жоғары өнімділігі өз алдына, олардың геонавигацияны пайдалана отырып, алқаптардың электронды картасына сәйкес жұмыс істеуге қабілеті толығымен жетеді.
Ауылшаруашылығына цифрландыру элементтерін енгізу өте күрделі және кезең-кезеңімен жүргізілетін үдеріс. Мұндай жаңа тәжірибені игеру агросаладағы ғалымдардың қатысуынсыз тіпті де мүмкін емес. Сол себепті биылдан бастап «Найдоровское» ЖШС-нің алқаптарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асырумен айналысты. Алқаптардың электронды картасын пайдалануға көшу – осы жоба көздеген кезеңнің бірі.
Жалпы, университет ғалымдары техниканың мүмкіндіктерін тексеріп, тыңайтқыштарды дифференциалды енгізуді жүзеге асырды. Алқаптардың электронды картасын жасап, топырақтың агрохимиялық талдауын өткізді, сондай-ақ егістіктердің арамшөп басу карталарын құрастырды. Алдағы уақытта ғалымдар метеостансалар көмегімен америкалық «Data Transmission Network» компаниясы жасаған ауа райын дәл болжау қанатқақты жобасының қорытындыларын іс жүзінде пайдалану туралы ұсыныстар енгізуді жоспарлап отыр. Мысалы, күн райына қатысты жауын-шашынның ықтималдылығы, шық нүктесі және басқа да көрсеткіштердің сараптамасы 10-нан астам параметр бойынша жүргізілетін болады.
Сонымен қатар «Найдоровское» серіктестігі А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бидайдың «Дамсин» және аустриялық «Дурум» атты сұрыптары осы орталықтан сатып алынып, себілген.
Цифрландыру элементтерін енгізумен айналысқан шаруашылықтар облыстық ауылшаруашылық басқармасының ұдайы назарында.
– Ала жаздай атыз жағалап, ащы терін жерге сіңірген диқан еңбегінің қайтарымы бар. Бүгінде жаңа технологиялардың арқасында жұмыс жеңілдеген. Бұрынғы техникаларға қарағанда қазіргі техника әлдеқайда жақсы. Жұмысы автоматтандырылған. Қызметтің дені компьютерлік техника арқылы басқарылады. Өте ыңғайлы. Осының арқасында жерді тыңайту, дән себу сынды егіс алқабындағы жұмыс жанданды, – деді таяуда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының жетекшісі Сағынжан Апақашов.
Биылғы астық орағы кезінде облыс әкімі Ерлан Қошанов Осакаров ауданына арнайы барып, «Найдоровское» ЖШС-нің егін алқаптарын аралап, жаңа технологиямен жұмыс істеп жатқан диқандар қауымының тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Өңір басшысы жергілікті аграрийлердің цифрландыру жүйесін батыл түрде енгізіп жатқан қадамдарына оң баға берді.
– Егер өнімді өткізу жолдары болса, өнімділік жоғары болса, осы жаңа технологияға көшу қажет. Бәсекеге қабілетті дәнді-дақылдар өсіруге арналған алқаптардың ауданын ұлғайтыңыздар, – деген болатын өңір басшысы.
Бір сөзбен айтқанда, облыста өндірістік үдерісті цифрландырудың маңызды элементтерін енгізуге алғашқылардың бірі болып кіріскен «Найдоровское» шаруашылығы бұл берекелі шаруаның шаш-етектен пайда әкелетінін іспен дәлелдеп шықты. Яғни бұл – алдағы уақытта мұндай тәжірибеден үлгі алатын шаруашылықтардың қатары көбейеді деген сөз.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы