Жаңа стратегияның мол мүмкіндігі | «Айқын» газеті

0

Еуропалық одақтың жүрегі саналатын Брюссельге сапар шеккен отандық БАҚ өкілдерімен ХIV «Еуропалық одақ – Орталық Азия» министрліктер кездесуінен кейін еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов арнайы кездескен болатын.

Осы басқосуда еліміздің бас дипломаты Қайрат Құдайбергенұлы келер жылдың алғашқы жартыжылдығында қабылданатын Еуропалық одақтың Орталық Азия жөнін­дегі жаңа стратегиясының маңызына тоқтал­ды. Ол жыл сайын жоғары деңгейде өтетін Саясат пен қауіпсіздік мәселелері жөнін­дегі диалогтың аймақаралық байла­ныс­­тарды нығайтуға және ортақ мәселелерді шешуде үлкен маңызы барын айтып өтті. Қазақстан жүргізіп келе жатқан барлық реформаны Еуро­палық одақ қолдап отырғанын да тілге тиек етті.
– 2007 жылы Еуропалық одақтың Орталық Азия елдеріне қатысты бірінші стратегиясы бекітілген болатын. Бүгінде біз жаңа құжатпен жұмыс істеуге дайындалып жатырмыз. Бұл құжат Еуропалық одақтың ішкі жұмыстарына қатысты болса да, Орталық Азия елдерін осы жобалармен жұмыс істеуге тартып отыр. Қазақстан да Еуро­палық одаққа осы жобаларда Орталық Азияға қатысты өз ұсыныстарын білдірген болатын. Бұл өте маңызды. Өйткені енді Еуро­палық одақтағы серіктестеріміз Орта­лық Азиядағы бес мемлекеттің пікірін ескеретін болады. Сондай-ақ бізді әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан аймақ деп санайды. Біздің аймақ адами және жоғары экономикалық әлеуетке ие және табиғи, өнеркәсіптік ресурсқа бай. Біз Еуропалық одақ көзімен қарағанда тең құқықты және сенімді серіктес болып көрінуіміз үшін бұл өте маңызды. Егер нақты мәселелерге кел­сек, онда келер жылы қабылданатын жаңа стратегия Еуропалық одақтың саяси, әсіресе іскер тобына үлкен мүмкіндіктер ашады, – деді Қайрат Әбдірахманов.
Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақ­­стан да жаңа стратегияда білім арқылы адами капиталды дамыту мәселесіне тереңі­рек мән берілгенін қалайды. Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге ерекше мән береді.
Еуропалық одақ – негізі сауда серіктесі­міз. Экономикамызға тартылып отырған инвестицияның 50 пайызы Еуропалық одақ елдерінен келеді. Енді білім саласы арқылы да белсенді жұмыс істеуімізге мүмкіндік туып отыр.
Министрдің айтуынша, Еуропалық серіктестерімізбен талқыланған тағы бір мәселе шағын және орта кәсіпкерлік саласы­на қатысты. Елімізде ЖІӨ-де шағын және орта кәсіпкерлік үлесі артып келеді, деген­мен әлі де бұл салада әлеуетіміз зор. Сол үшін Еуропалық одақпен осы мәселе төңіре­гін­де нақты шаралар қабылдауымыз керектігі талқыланды. Еуропалық одақ және Орталық Азия іскерлік кеңесін құру жөнінде ұсыныс айтылды. Мәселен, біздің іскерлік ортадағы өкілдерімізге еуропалық компаниялардың инвестициялық әлеуеті жөнінде бірінші қолдан ақпарат алу мүмкіндігін тудыру. Олар инвестициялық жобаларын тез арада іске асы­ру үшін өз кезегінде біздің іскер ортамыз осы әлеуеттік серіктеске нақты бизнес жос­пар, нақты жобалық-сметалық құжатта­рын ұсыну. Бұл ретте жемқорлыққа жол бермеу және әйелдер бизнесін дамыту жайы да айтылды.
Орталық Азияда қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану мәсе­­лелері де Еуропалық одақтағы серік­тес­тері­мізбен бірге талқыланған ауқымды жайт болды. Биыл осы мәселелерді шешуде үш үлкен серпінді тарихи шараның куәсі бол­дық. Олар – Қазақстанда өткен Ақтау сам­миті, Түркіменстандағы Арал саммиті және Қырғызстандағы Түркітілдес мемле­кет­тер саммиті. Барлық саммитке Қазақстан да қатысты. Осы шаралардың бәрінде су ресурстарын тиімді пайдалану жайы талқы­ланды. Еуропалық одақтағы әріп­тестері­міз­бен де бұл тақырыпты айна­лып өткен жоқ­пыз. Олар өздерінің бірлесіп әрекет етуге дайын екендерін білдірді.
Еліміздің бас дипломаты осы жылдың 5 қыркүйегінде Астанада өткен «Ауғанстан­дағы әйелдердің құқықтары мен мүмкін­діктерін кеңейту» атты өңірлік конферен­цияға тоқта­ла келе, аймақта қыздар мен әйелдердің өмір сүру салтын жақсарту ел экономикасын қал­пы­на келтіруге, жаңа жұмыс орындары­ның ашылуына, экс­тре­мизм мен ради­ка­лизм­ге қарсы іс-қимыл­ға оң ықпал ететініне сенім білдірді. Еуропалық одақ, Қазақстан мен Өзбекстан бастаған осындай игі баста­ма­­ның арқасында ауған әйелдері қазақ және өзбек елінің жоғары оқу орындарында білім алып, мамандық игеруге мүмкіндік туып отыр.
Қазақстан – Еуропалық одақтың Орта­лық Азиядағы басты ынтымақтасы әрі әріп­те­сі. Егер Орталық Азияның өзге мемлекет­тері келісімшарт құжаттарын жандандыруды енді ғана қолға алып жатса, еліміз ЕО-мен арадағы Кеңейтілген әріптестік және ынты­мақ­тастық туралы келісімге осыдан үш жыл бұрын, яғни 2015 жылдың желтоқсанын­да отырған.
Қазіргі таңда Қазақстан үлкен саяси мә­селелерді талқылау алаңына айналып отыр. Оған соңғы жылдары Астанада өткен жиын­дар дәлел. Министр Қайрат Әбдірах­ма­нов егер ЕО, ЕурАзЭҚ мен Қытай арасын­дағы өзара қарым-қатынас мәселеле­рін тал­қы­­лау қажет болған жағдайда Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін айтып қал­ды.
Еуропалық одақ пен Орталық Азия елде­рі министрлері кездесуінде айтылған тағы бір мәселе – интернет портал, онлайн қыз­­метін пайдалану. Бұл Орталық Азия елде­рі­нің ЕО елдері туралы көбірек білуі үшін маңызды. Мысалы, жаста­ры­мыз ЕО елдеріндегі алдыңғы қатарлы ЖОО-да білім алғысы келсе, сол елдің білім жүйесі жайлы ақпарат қарастырады. Егер бірыңғай портал болса бизнес жобаларды да, білім алу жобаларын да іске асыру оңай болады. Бұл мәселеде еуропалық серіктестеріміз бізге көмек көрсетуге дайын. Олардың өздері үшін де маңызды, өйткені өз өнімдерін сату үшін 70 миллион халқы бар Орталық Азия елде­ріне шығуға мүмкіндік туып, жаңа нарық ашылып отыр. Оның үстіне Орталық Азия нарығы тұрақты.
ЕО Жоғары өкілі Федерика Могерини де Орталық Азия елдерінде ынтымақтастық қарым-қатынасты әртараптандырудың болашағы бар екенін, қауіпсіздік, сауда, энер­гетика, коммуникация мен басқа да сала­ларда өзара ынтымақтастығымызды одан ары нығайтуға қызығушылығы бар екенін айтқан болатын. Өз кезегінде Қайрат Құдайбергенұлы да ЕО-мен ынтымақтастық­ты білім, еліміздің шағын және орта кәсіп­кер­лік саласын дамыту, мәдени-гуманитар­лық ынтымақтастықты тереңдетіп дамыту жайына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сында да кең көлемді халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Осы ретте ЕО-мен бірлесе жұмыс істей отырып Орталық Азия елде­рінің, әсіресе өз еліміздің тарихи-мәде­ни байлықтарымызға назар аударуға тиіспіз. Еуропада түркітануға ден қойған ғалым көп. Көптеген деректер мен қолжазба тарихымыз Еуропа елдері мұрағаттарында жатыр. Оған қол жеткізу және оларды цифрландыруға басымдық беру маңызды болып саналады. Мемлекет басшысы алдымызға қойған осы үлкен міндетті іске асыра аламыз деп сенемін, – деді Қайрат Құдайбергенұлы.
Еліміздің бас дипломаты Еуропа одағының кіндігіне Отанымыздан үлкен топ журналистер қауымы келгеніне қуанышты екенін жасырмады. «Өйткені осындай сапарлардың арқасында көпшілік Еуропа одағы, жалпы екіжақты және көпжақты қа­рым-қатынастар туралы білімі кеңейе­ті­ні­не күмән жоқ. Сондықтан осы сапарды ұйым­дас­тырушыларға үлкен рақмет. Түсінгенім­ше, осы сапардың арқасында ЕО-ның әртүрлі институттары мен қызметтерімен отандық БАҚ өкілдері жақыннан танысуға мүмкіндік туды. Бұл біздің Сыртқы істер министрлігінің де қызметіне серпін береді деп ойлаймын», – деді министр.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ