Жаңа сенатор Дана Нұржігіт халыққа сөз арнады

0
41

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Тележүргізуші қал-қауқарынша адал еңбек етіп, халық қызметшісі болуға уәде берді

НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Кеше мемлекет басшысының жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалған танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт жылы лебіз білдіргені үшін қызақстандықтарға алғыс айтты.

«Қадірлі оқырмандарым, қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын. Көп рақмет! Президент жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса, салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын Халық аманатын көтеріп, көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр», – деп жазды ол instagram-дағы парақшасында.

Дана Нұржігіт қал-қауқарынша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай, кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтылатынын атап өтті. «Арық сөйлеп, семіз шыққысы» келетінін де жасырмады.

«Оны айтып отырған себебім, «Dara jol» хабары тоқтамайды», – деп мәлімдеді сенатор.

Оның пікірінше, хабардағы кездесулер, үлгі тұтар тұлғалардың ақылы, тәжірибесі, кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізеді.

«Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын… Атымды ерттеп, батаңызды беріп, ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін»,- деп түйіндеді Дана Нұржігіт.



sputniknews.kz