Жаңа Салық кодексінің жобасын әлі де талқылау керек – Айдос Сарым
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Жолдау аясында жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыру ұсынысына пікір білдірді.
«Өкінішке қарай, Үкіметтің өзі аталған құжат жобасын Парламентке жақында ғана енгізді. Бұл құжатта маңызды баптар қамтылған. Әр саладағы тариф және басқа да төлемдерге қатысты бағыттар ескерілген. Егер асығыстық жасап қабылдап жіберсек, таяу арада тағы өзгеріс енгізуге мәжбүр боламыз. Сондықтан Президент Парламентте де, Үкіметте де тиісті пікір алмасу жасап, сарапшылармен және кәсіподақтармен кеңінен талқылау керек екенін тапсырды. Осы сатылардан өтіп, қабылдау керек», — деді А. Сарым Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Бұл тұрғыда депутат жаңа Салық кодексі экономика үшін бірінші құжат саналатынын атап өтті.
«Бұл құжат сапалы дайындалса, бюджеттің толығуы, табыстың келуі оңтайлы болады», — деді ол.
Айдос Сарымның сөзіне қарағанда, бүгінгі Жолдауда барлық салаға қатысты нақты қадамдар ескерілген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болатынын айтты.
Биыл маусым айынның аяңында Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында жаңа Салық кодексінің жобасы орналастырылғанын хабарлады.