Жаңа Қорғаныс министрі бұған дейін Арысқа байланысты қатаң сөгіс алған
Бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Қорғаныс министрі болып тағайындалған Мұрат Бектанов бұған дейін қатаң сөгіс алған, деп хабарлайды ЭК.
2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласында әскери қоймадан өрт шығып, жарылыс болғаны мәлім. Осы жарылысқа жол берген қорғаныс саласының бірнеше басшысы жазаланған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 7 тамызында оларға қатаң сөгіс жариялады.
«Лауазымды тұлғалар өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысында елеулі кемшіліктерге жол берген. Бұған қоса қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау нысандарын көшіру және орналастыру бағдарламасы тиісті деңгейде іске асырылмаған. Соның салдарынан Арыс қаласындағы әскери бөлімшедегі қару-жарақ жарылып, адам шығыны болды», — деген еді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың өкімімен бұрынғы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жүйесінен шығарылды.
Сондай-ақ, сол кездегі Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Майкеевке, Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.
Оның алдында бүгін қызметінен босатылған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа да қатаң сөгіс берілді.
Яғни сол кезде қатаң сөгіс алғандардың қатарында Мұрат Бектанов та болған. Енді Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын базада жарылыстағы соң, ол министр болып тағайындалды. Соңғы мәліметтер бойынша жарылыстан 15 адам қаза тапқан.
Мұрат Бектанов 1965 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
2007-2010 жылдары — ҚР Қорғаныс министрлігі штаб бастықтары комитетінің жедел жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары.
2010-2013 жылдары — ҚР Қорғаныс министрлігі штаб бастықтары комитетінің жедел жоспарлау бөлімінің бастығы.
2013-2016 жылдары — ҚР «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.
2016 жылғы 28 қыркүйекте ҚР Президентінің өкімімен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері құрлықтағы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.
Ад 2019 жылдың 5 сәуірінде , Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы болды. 2021 жылдың 31 тамызында Қорғаныс министрі болып тағайындалды.