«Жаңа Қазақстанда» енді орын жоқ. Назарбаев неге Ресейдің банк секторына кетті?
Ресейдің Азия-Тынық мұхиты банкі (АТБ Банк) «Назарбаев фонд» жеке қорының қолына өтті. Ол қордың қожайыны – Қазақстанның экс-президенті, зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаев. Оның алдында – «Jusan bank» Назарбаев деген кісінің өзіне еш қатысы жоқ екенін ресми мәлімдеген еді. Бұдан біз, Назарбаевтың өз банктік бизнесін Қазақстаннан Ресейге ауыстырып жатқанын байқай аламыз дейді Nege.kz тілшісі.
2021 жылдың күзінде қазақстандық «Jusan» қаржылық тобы аукционда «АТБ Банкті» толығымен (100% акция) сатып алды. Бұл Ресей Орталық банкінің өз тарихында тұңғыш рет санациядан өткізілген банкті сатуы болды. Санация дегеніміз – Орталық банктің жағдайы қиындаған банктерге қаржылық көмек көрсетіп, оны сауықтыруы. «АТБ Банк» капиталына Ресей қадағалаушысы 9 миллиард рубль құйды.
АТБ Банк. Фото: amur.life
Эльвира Набиуллинаның ведомствосы өткізген аукционға «Промсвязьбанк», «Совкомбанк» және қазақстандық «Jusan» қаржылық тобының құрамына кіретін «Pioneer Capital Invest» компаниясы қатысқан еді. Аукцион қортындысы бойынша «Pioneer Capital Invest» ұсынған баға үздік деп танылып, «АТБ Банк» қазақ қаржыгерлерінің иелігіне ауысты. Олар АТБ Банкті – 14 миллиард рубльге, валютаға шаққанда 193 миллион долларға сатып алды.
Араға бір жыл салып, «АТБ Банк» үлкен трансформацияны бастан кешіп үлгерді. Бірнеше заңдық мәмілелер арқасында банк «Pioneer Capital Invest» қолынан, «Назарбаев фонд» жеке қорына өтті. Қазір бірнеше қазақстандық қаржыгер Ресейге көшіп барып, банктің жаңа стратегиясын жасауға кіріскен. Шығындарын азайтып, пайдасын көбейтіп, АТБ-ны тиімді қаржы инстутына айналдыруға тырысуда.
Олег Смоляков. Фото: inform.kz
Nege.kz тілшісімен тілдескен, жағдайды білетін дереккөз бұрын Қазақстандағы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары, одан кейін ҚНРДА төрайымының орынбасары қызметінде болған Олег Смоляков «АТБ Банк» басқарма төрағасы лауазымына тағайындалады дейді. Оның кандидатурасын Ресей Орталық банкі қолдап отыр. Қадағалаушы органның бейресми ұстанымы бойынша, Ресей Федерациясындағы банкті Қазақстан азаматы басқаратын болса, оның ұлты орыс болғаны дұрыс. Әйтпесе, артық әңгіме шығуы мүмкін.
Олег Александрұлының жекеменшік банк емес, қадағалаушы, орталық банк функцияларын атқаратын мемлекеттік мекемелерде көбірек жұмыс істегенін ескерсек, «АТБ Банк» қожайыны Нұрсұлтан Назарбаев үшін банктің ешбір заңды бұзбай, ешкімнің көзіне ілінбей тыныш жүргені қажет екені байқалады. Смоляков регуляторлық орта мен пруденциалды нормаларды жақсы біледі. Және банкті тексеріс, дау-дамайдан таза ұстай алады. Дереккөз пікірінше де, Назарбаев өзі үшін осы аласапыран уақытты тыныш өткізгісі келеді.
«АТБ Банк» капиталы жөнінен Ресейдегі ең ірі 50 қаржы институттарының қатарына кіреді.
Бір қызығы, АТБ-ның 2021 жылғы аудиттелген қаржылық есебі әлі жарияланбады. Ал 2021 жылдың үш тоқсаны бойынша есебіндегі мәліметтер тым ескі. Мысалы, оның сол кездегі активтері 134 миллиард рубльге бағаланған болатын. Қазіргі көлемі қандай екені белгісіз.
Осымен Назарбаев Қазақстанның банк секторынан кетті ме? «Jusan bank» ресми түрде өзін Назарбаевпен байланыстырудан бас тартты. Де-юре, Назарбаевтың бұл банкке еш қатысы жоқ. Бірақ оның отбасы, дәлірек айтсақ қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтар Қазақстандағы ең ірі банк – «Халық банкке» иелік етеді. Сондықтан Назарбаев толық кетті деуге әлі ерте.