«Жаңа Қазақстан» форумы неге тарады? Сарапшылар пікірі

0

«КЕШІРІМ СҰРАУ»

Осыдан бір жыл бұрын құрылып, тіркелмесе де түрлі саяси ұстанымдарын білдіріп жүрген «Жаңа Қазақстан» форумының қызметі тоқтайтыны туралы форумның өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

«Сіздер күткен үміттің барлығы осы күнге дейін орындалмады деп қынжыламыз, сол үшін де кешірім сұраймыз. Дей тұрғанмен біз атқарған істер мен қадамның барлығы құқықтық алаңда болды және еліміздің саяси конфигурациясын өзгертуге үмітіміз бар. Солай болса да, Ақордамен жасырын байланысы бар деген сылтаумен біздің атымызға жалған айыптаулар келіп түсуде. Бізге оларды жоққа шығару қиынға түседі. <…> Сол себепті де форумның жұмысын өз еркімізбен тоқтатуға бел будық» делінген мәлімдемеде.

Былтыр «Жаңа Қазақстан» форумы құрылған кезде-ақ «биліктің кезекті жобасы болуы мүмкін, алдағы президент сайлауына қатысу үшін құрылған» деген болжамдар айтылған еді.

Форум мүшелерінің бірі Қосанов кандидатурасының тіркелуі және аз уақытта кандидаттыққа қажетті қол жинап үлгергені мұндай күдікті одан әрі ұлғайта түсті. Әміржан Қосановтың өзі сайлау науқаны кезінде «билік жобасы» деген күмәнді теріске шығарған.

Бірақ оның президент сайлауының ресми қорытындысы шықпай тұрып, Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтағаны оппозициялық көңіл-күйдегі жұртшылықтың наразылығын туғызған болатын. «Жаңа Қазақстан» форумының мәлімдемесінде «Қосановтың мойындауы» жайлы да сөз болған.

«Біздің кандидат күдікке толы экзит-полдың көрсеткішін тез арада қабылдап, сайлау бойынша бәсекелесін асығыстықпен құттықтады. Тәуелсіз байқаушылар бізге бар ақпаратты бергеннен кейін осы сайлаудың легитимдігі жоқ және халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкестігі жоқ деп мәлімдейміз. Біз қазіргі парламентті таратуға және мәжіліске мерзімінен бұрын сайлауды жариялауға шақырамыз» делінген мәлімдемеде.

«БИЛІК БЕКІТКЕН ГРАФИК»

Азаттық тілшілері «Жаңа Қазақстан» форумының бірнеше белсенді мүшелеріне хабарласып, олардың қандай да бір пікірін ала алмады.

Құқық қорғаушы, белсенді Ғалым Ағелеуов «Жаңа Қазақстан» форумынан шығып кеткенін айтты. Ол форумның тарауына Әміржан Қосановтың сайлау нәтижесін күтпей, Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтағаны басты себеп болды деп санайды.

Ол өзінің бұл форумға бастапқыда неге кіргенін де айтып берді. Құқық қорғаушы «саяси өлі тыныштық орнаған елде жаңа қоғамдық ұйымның пайда болып, саяси процеске араласқанын» құптаған.

Ғалым Ағелеуов.

Ғалым Ағелеуов.

— Сайлау науқаны басталғанда-ақ «Жаңа Қазақстан» форумына президент әкімшілігі нұсқау бере бастағаны байқалған еді. Өйткені оппозиция жетекшісі, президенттікке кандидат қалада қалың көпшілікпен кездесудің орнына шалғайдағы ауылдарды аралап біраз уақыт көзден таса болды. Билік бекіткен «график» сияқты көрінді. Егер қазіргі саяси жүйеге қарсы екенін белсенді көрсетсе, көбірек қолдауға ие болар еді. Бірақ президент әкімшілігі белгілеген қызыл жалаушалардан аса алмады, — дейді ол.

Ғалым Ағелеуов президент сайлауы қарсаңында «Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі ретінде Әміржан Қосанов пен оның штабына түрлі ұсыныс айтқанымен еленбегенін айтты.

— Істің барысы түсінікті болған соң толығымен бұл ортадан шықтым. Дұрыс істедім деп ойлаймын. Өйткені президенттікке кандидат Әміржан Қосанов бізбен сөйлескен емес. Бәлкім, Серікжан Мәмбетәлинмен сөйлескен болар, — дейді ол.

Серікжан Мәмбетәлин Азаттық тілшісіне қандай да бір пікір айтуға құлықсыз екенін айтты. Ал Әміржан Қосанов телефон тұтқасын алмады.

«ОРТА ЖОЛДА ТАРАУ ДӘСТҮРІ»

Таяуда өткен президент сайлауы туралы жиі пікір жазып жүрген саясаттанушылардың бірі Қазбек Бейсебаев «Жаңа Қазақстан» форумының жабылғаны жаңалық емес деп санайды. Оның айтуынша түрлі саяси ұйымдардың ашылуы мен орта жолда жабылуы — Қазақстанда дәстүрге айнала бастаған.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.

— Форум құрылғанда қоғам әжептеуір үміттенді. Қарапайым халық олардан бір үміт күтті, сенді. Ал бұлар орта жолға келгенде тарап кетті. Тек осы форум ғана емес, біздің елде көптеген саяси ұйымдар уақытша құрылады. Белгілі бір саяси науқан өткен соң жабылып қалады. Ұзақ мерзімді жоспарлары жоқ. Мұның бәрі халықты алдау, — дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, «Жаңа Қазақстан» форумының Әміржан Қосановтың Тоқаевты президент ретінде мойындауынан соң жабылғаны – форумның ұзақ мерзімді жоспары, принципі жоқтығын білдіреді.

— Ықпалды ұйым пайда болса, билік онымен санасады. Өзінің ықпалын жүргізуге, түрлі кедергі келтіруге тырысады. Ондай кедергілерден өтуі керек. Саяси ұйым солай жетіледі. Ал бұлар бір «құлаған» соң-ақ ыдырап кетті, — дейді ол.

Ал құқықтанушы Руслан Түсіпбеков «Жаңа Қазақстан» форумы өз жұмысын істеді. Президент сайлауында Әміржан Қосановтың өзіне берілген дауысты қорғауға ұмтылмағаны — сайлауға спарринг серіктес ретінде қатысқанын дәлелдеді» деп санайды.

— Қосановтың әрекеті «Жалпы Қазақстан» форумы жайлы бұрыннан бар күдікті растап берді. Сайлаудан соң бұл форумға қоғамда сенім қалған жоқ. Бұл бренд өз беделін өзі жоғалтты, — дейді ол.

Руслан Түсіпбеков «Жаңа Қазақстан» форумы да, билік те сайлау кезінде электоратты, саяси жағдайды жете бағаламады деп санайды.

— Олар сайлауды бұрынғыша көз алдаумен өткізе береміз деп ойлады. Көз алдау үшін тіркелген оппозиция өкілі өз рөлін бұрынғы сайлаудағыдай атқарып кете береді, жұрт аңғармай қалады деп ойлады. Жағдай керісінше болып шықты — Қосановқа билік күткендегіден әлдеқайда артық дауыс берілді, халықтың қарсылық көңіл-күйі қатты көрінді. Сол себептен «Жаңа Қазақстанның» әрі қарай жұмыс істеуге моральдық құқығы да жоқ, — дейді ол.

2018 жылдың мамыр айында баспасөз мәслихатын өткізген «Жаңа Қазақстан» форумының мүшелері Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы және Айдос Сарым «Қазақстан билігімен диалог құру жолын таңдайтынын мәлімдеген». Баспасөз мәслихатында Әміржан Қосанов «арамызда қоғамдық саяси өмірде танымал азаматтар бар. Бәрімізді сатып алу мүмкін емес. Я билік, я олигарх сатып ала алмайды» деген еді.

«Жаңа Қазақстан» форумы оның алдында сәуір айында Брюссельге барып, Еуропарламент өкілдерімен кездесіп, Қазақстандағы билік транзитін талқылаған.

Форумның алғашқы отырысына ұзақ жылдан бері шетелде тұрып жатқан, Қазақстан соты 2001 жылы «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен сырттай 10 жылға соттаған бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің қатысуы да жұртшылық назарын аударған. Маусымның 9-ы күні Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай билеген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіп шыққан.

Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша «Ұлт тағдырынан» кандидат болған Қосановқа 16,23 пайыз адам дауыс берген. Қосанов экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың «қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын» айтып, оны «жеңісімен» құттықтаған еді.

«Қазақстанның коммунистік халық партиясы» кандидаты Жамбыл Ахметбеков 167 мыңнан астам (1,82 пайыз), сайлауға түскен алғашқы әйел кандидат, «Ақ жол» партиясы өкілі Дания Еспаева — 465 мыңнан аса (5,05 пайыз), «Ауыл» партиясы кандидаты Төлеутай Рақымбеков — 280 мыңнан астам (3,04 пайыз), «Қазақстан кәсіподақтар федерациясы» кандидаты Амангелді Таспихов — 189 мыңға жуық (1,98 пайыз) және «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі өкілі Сәді-Бек Түгел – 85 мыңға тарта (0,92 пайыз) дауыс алған.



Azattyq