Жаңа партия құрмақ болған кәсіпкер «полицияның заңсыз әрекетіне» шағымданды
Наурыздың 9-ы күні тіркелмеген “Наше право” партиясының жетекшісі Санавар Закирова “партияның құрылтай съезі өтуі тиіс болған” жерге бара жатқан кезде полициядан шақырту алғанын айтып, үйінен шыға алмай отырғанын жеткізді. Ол мұны өзінің «саяси белсенділігімен» байланыстырып, полицияның «заңсыз әрекетіне» шағымданған.
«Жолымды бөгеп, съезд өтуі тиіс орынға жібергісі келмейді. Мұның бәрін мемлекеттің рұқсатымен жасап отырсам да, заңсыз ұстап, заңсыз тергегісі келеді» деп жазды Facebook-тағы парақшасында. Ол полициядан шақырту алған сәтін видеоға түсіріп жариялап қойған.
«Наше право» атты жаңа партия құратынын мәлімдеген алматылық кәсіпкер Санавар Закирова бұған дейін партияның құрылтай съезін 9 наурызда өткізетінін хабарлаған. Бірақ партия съезіне бір күн қалғанда 8 наурыз кешке Закированы полицияға шақырғаны, одан кейін жиынның өтпейтіні белгілі болды.
9 наурыз күні таңертең ол ақпарат құралдарына съезд өтпесе де, жиын өтуі тиіс болған орынға барып, жақтастарымен кездесетінін айтқан еді. Бірақ белгіленген уақытта жиын орнында бірнеше полиция көлігінен басқа ешкім болмаған.
«Наше право» партиясының съезі туралы ақпарат ақпан айында мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған еді. Закирова Facebook желісі арқылы әлі тіркелмеген партияның «бағдарламасын» таратқан. Онда елдегі билікті президенттіктен парламенттікке ауыстыру; полиция, сот, прокуратураға реформа жасау; тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету туралы жазылған еді.
Әлеуметтік желіде оның бастамасына қатысты пікір әртүрлі. Кейбірі «ұйымның артында билік адамдары тұруы мүмкін» десе, кейбірі оны «азаматтық белсенділігі үшін» мақтаған.
Оқи отырыңыз: Партия құруға өтініш берудің астарында не бар?
Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен құрылтай жиналысын өткізуі тиіс. Оған елдің әр аймағынан кем дегенде мың адам қатысуы керек. Саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың мүше болуы шарт.
Қазір Қазақстанда алты партия тіркелген. Олардың үшеуі — Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан», билікке жақын «Ақ жол» және Коммунистік халық партиясының парламентте орны бар.