Жаңа оқу жылы онлайн режимінде басталуы мүмкін — Білім министрлігі

0

Қазақстандық оқушылар қыркүйек айында да қашықтан оқуы әбден мүмкін. Себебі, күзде коронавирустың екінші толқыны күтілуде. Сондықтан, Білім министрлігі онлайн оқудың аз ғана тәжірибесін жетілдіріп, киберпедагогиканы дамытуға екпін қойылмақ. Ал мектеп директорлары білімін дәлелдеу үшін тест тапсырып тұрады. Сынақтан өтпегендер жұмыстан айырылуы мүмкін. Ал тестті сәтті тапсырғандарға айлық көлемі еселенеді деп мәлімдеді еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов.

Биылғы оқу жылының соңы тұтастай онлайн өтті. Осы ретте қашықтан оқытудың олқы тұстары да анықталды. Алдағы оқу жылы да онлайн өтуі әбден мүмкін. Сондықтан жазда арқаны кеңге салып, тоқым кептірер шақ әлі туа қоймайды.

Министр Аймағамбетовтың айтуынша, кәдімгі оқу бағдарламасын онлайн қалыпқа сала салып, қашықтан оқыту осы екен деп ұғу – қате пайым. Онлайн оқытуға жаңаша әзірлік пен жетілдірілген техникалық мүмкіндіктер керек.  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

— Қашықтан оқытудың кем-кетік тұстарынан сабақ алып, тәжірибемізді жетілдірген жөн. Әсіресе киберпедагогиканы ілгерілетуге екпін қоямыз. Онлайн оқудың әдістемесін жасақтауда, әрі осы жүйеде бағалаудың жаңаша қалыбын қалыптастыруға осы жазғы уақытты барынша тиімді пайдаланамыз.

Министр еліміздің білім саласындағы тағы бір мәселенің ұшығын көтеріп отыр. Ол мектеп директорларының жалақысы. Олардың айлық табысын алдағы жылдары екі еселеу көзделген. Бірақ жоғары айлыққа лайық екендігін әрқайсысы тест тапсырып дәлелдеуі керек.

Сынақтан омақасып құлағандар қызметтен де қағылуы мүмкін немесе басқа жерге ауыстырылады. Ал біліктілігін дәлелдеп шыққандар 30 пайыздан 100 пайызға дейін арттырылған айлыққа ие болды. Мектеп директорларын тестілеу осы айда басталуы тиіс. Оған қоса, оқушылардың мектеп ауыстыру кезіндегі қағазбастылықтың машақаты біршама қысқарады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

— Бір мектепке барады. Ол мектептен басқа мектепке көшуге есептен шығару талонын алып, одан кейін сол мектепке қайтып келіп, береді. Одан кейін құжаттарды келесі мектепке көшіріп жүретін жағдай болды. Бұл мәселені түбегейлі өзгертудеміз. Бір мектептен бір мектепке көшкенде бір кнопканы басумен шешілетін болады.

Білім және ғылым министірлігі жоғары оқу орындарынан оқытушылардың жалақысын арттыруды талап етіп отыр. Себебі, көптеген  білім ордаларының мамандары 70-80 мың ғана болатын нәпақаны қанағат қылып келеді екен.

Ал мектептердің жағдайы бөлек әңгіме. Ресми статистикаға сенсек, елімізде 54 мектеп апатты жағдайда тұр. Тағы 183 мектепте балалар үш ауысыммен оқиды. 168 мың оқушыға орын жетіспейді. Осынша бала сынып партасында тығылысып, үшеулеп отырып оқып жүр.

Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 500 мыңға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан алдағы 5 жылда 800 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Ал биыл шамамен 80 білім беру нысаны бой көтереді. Министрдің сөзінше, соның арқасында қазақстандық орта білім беру саласы бір ауысымдық жүйеге көшуі тиіс.