Жаңа кәсіпорындар – келешектің берік іргетасы

0
62

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы» жалпыұлттық телекөпіріне және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттаудың салтанатты рәсіміне қатысты. Ел Президенті іс-шара басталар алдында индустрияландырудың және цифрландыру бағдарламасының жобалары қойылған көрмені аралады.

Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды.
– Бүгін тағы да индустрия­лан­ды­рудың биылғы қорытындысын жаса­дық. Баршаңызды жаңа жобалардың іске қосылуымен, жаңа мамандықтардың пай­да болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын, – деді Елбасы.
Н.Назарбаев әлемдегі қалыптасқан ахуалға қарамастан, елімізде құрылым­дық өзгерістер мен институттық рефор­ма­лардың іске асырылып жатқанына назар аудартты. Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан ары әртараптандыру, инфра­құ­рылымды жақсарту және өнімділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы индустриялан­дыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.
– Индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қа­зақстанда шығарылған өнімді тұ­тынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін еске салды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асы­рылған жобалар жөнінде әңгімеледі.
– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ел Президенті экономи­каның түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысын тілге тиек етті.
– Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақ­тандыру индустрияландыру бағдарла­масының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлем­дік нарықтағы бәсекеге қабілет­ті­лікті қамтамасыз ететін дамудың түбе­гейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі эконо­микалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы индустрияландырудың ке­лесі үшінші бесжылдығы бағдарла­масының стратегиясын нақты нәтиже­лерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін нықтады.
– 2025 жылға қарай еңбек өнімділі­гі – 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуі тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өңдеу өнер­кәсібінің барлық буынында бұрынғы салалық басымдықтар орнына нақты, тиімді өндірушілерді қолдауға көшу үдерісі жүргізілетінін хабарлады.
– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Техно­логиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыруымыз керек. Менің тапсыр­мам бойынша екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңызына тоқталды.
–Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәти­жесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев университетінде 120 ғылыми-зерттеу зертхана ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндет­терді шешуді көздейтін нақты кәсіп­орындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуы тиіс, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті индустриялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ стартаптардың халықаралық технопаркін тартуды тап­сырды. Бұл ретте, Үкіметке әртараптан­дыру және индустрияландыру мәсе­лелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.
Іс-шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын мара­паттады, сондай-ақ бизнеспен айна­лысуға қолайлы жағдай жасағаны үшін өңір басшыларына арнайы награданы табыс етті.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын