Жаңа кәсіпке даярлық | «Айқын» газеті

0

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы өтті.

Жиын барысында инвестициялық саясатты іске асыру, еңбек заңнамасын, адами капиталды дамыту, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ энергетика, эко­логия мен мұнай-газ салаларын өркендету мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, кеңестің 32-пленарлық отырысына дайындық барысы да талқыланды.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі М.Әбілқасымова, Білім және ғылым вице-министрі Б.Асы­лова, «Қазақстанның шетелдік инвес­тор­лар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы А.Прейманис, кеңестің шетелдік тараптан тең төрағалары Е.Досымбеков, Ш.Гомез атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Отырысқа қатысушылар шетел­дік инвесторлармен бірлесіп жүзеге асы­рылатын жұмыс бағыттарын анықтады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лей­менов, Қаржы министрі Алихан Сма­йылов, Энергетика министрі Қанат Бо­зым­баев келешегі бар жобаларға түсінік­теме берді.
Премьер-министр «Болашақ еңбек нарығы: жаңа мүмкіндіктер» атты форумға да қатысты. Бұл – төртінші өнеркәсіптік ре­во­­люция жағдайларында, әлемдік еңбек на­­рығының сан құбылуы аясында Қа­зақ­стан­да жұмыспен қамту және әлеуметтік са­ланы дамыту перспективаларын тал­қы­лауға арналған алғашқы тақырыптық алаң.
Жиынның пленарлық сессиясы ке­зінде сөз сөйлеген Бақытжан Сағынтаев еңбек нарығында орын алып жатқан өзгерістер және соған байланысты сын-тегеуріндер мен жаңа мүмкіндіктер қазір ең өзекті мәселелердің бірі екеніне назар аудартты. Ол сарапшыларға сілтеме жасай отырып, «2025 жылға дейін шамамен жұмыс орындарының 4% немесе 140 млн-ы жойылып кетуі мүмкіндігін», «ал 80-90% немесе шамамен 3 млрд жұмыс орны күрделене түсетінін» айтты.
«Бұрынғы кәсіптердің жойылып, жаңа кәсіптердің күрделенуі үкіметтердің күн тәртібіне автоматтандыру нәтижесінде жойылған жұмыс орындарының орнын толтыру, өз елдеріндегі еңбек ресурста­ры­ның жаңа дағдыларды игеру икемін қамтамасыз ету мәселелерін қойып отыр. Де­генмен технологиялар мен инно­ва­ция­лар жаңа кәсіптер мен салалардың пайда болуына, яғни жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады. Болжам бойынша жаһандық еңбек нарығындағы жұмыс орындарының шамамен 10% немесе 350 млн-ы жаңа кәсіп түрінде ұсынылады. Олар дәстүрлі салалар мен инновациялар тоғысында пайда болмақ», – деп түйді Үкімет басшысы.