Жаңа энергетикалық зауыттар жұмысын бастады
2018 жылғы 11 желтоқсан 15:53 74
АСТАНА. ҚазАқпарат — ЕХРО Конгресс-орталығында өтіп жатқан «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев энергетикалық екі кешенді іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәуелсіздіктің 27-ші жылында «KEGOC» Ұлттық компаниясы «Солтүстік — Шығыс — Оңтүстік» жобасының екінші кезеңін іске қосуға дайын. Жоба бюджет қаражатынсыз жүзеге асты. Құрылыс барысында 500 кВ жаңа үш қосалқы станция мен 1770 шақырым электр желісі салынды. Жобаның арқасында сұранысы артып келе жатқан еліміздің оңтүстік аймағы электр қуатымен қамтамасыз етіліп, шығыс өңірінде тау-кен өнеркәсібінің дамуына жағдай туады. Осылайша, біз Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттырамыз», — деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.
«Gas Processing Company» ЖШС-ның техникалық директоры — жоба жетекшісі Болат Сақтағанов Ақтөбе облысындағы «Қожасай» кен орнында құны 42 млрд теңге болатын ілеспе газды кәдеге жарату және өңдеу жөніндегі заманауи зауыттың салынғанын баян етті.
«Біз сіздің елдің ішкі нарығын тауарлық газбен толтыру және ресурстық базасын арттыу тапсырмаңызды орындадық. Шикізатты қайта өңдеуді арттыра отырып, өнімнің жаңа түрлерін игеруге және таяу және алыс шетелге экспорттауға дайынбыз. Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы, екі энергетикалық кешенді қосуға рұқсат етіңіз!»,- деді Болат Сақтағанов.
Елбасы аталған энергетикалық кешендердің жұмысына сәттілік тілеп, іске қосты.
«Бірінші айтылған кешен баяғыдан бері армандап жүрген — Шығыс Қазақстан арқылы Талдықорған мен Алматыны электр жүйесімен қосу болатын. Ол болмай тұрған кезде Алматы облысының орталығы Талдықорған электр энергиясы жүйесінен шеттеу еді. Мінекей, қазір тұңғыш рет екі өңірді өркендету үшін электр қуатын іске қостық. Бұл өте қуанышты жағдай», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің оңтүстігінен орталыққа қарай «Сарыарқа» магистральды газ құбырының тартылып жатқанын және ол халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жасалу үстінде екендігін баса айтты.
«Сондықтан өте қуанышты жағдаймен құттықтаймын. Өндірістің дайын болғанымен құттықтаймын. Іске қосайық, ақ жол, сәтті болсын!», — деді ҚР Президенті.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz