Жаңа халықаралық ұйым құру қажет – Елбасы
Қысқа сілтеме алу
Қазақстанның тұңғыш президенті ядролық қарусыз әлем үшін көшбасшыларының жаһандық альянсын құру қажет деп санайды
НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Бүгін «Astana club-тың» пленарлық мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа халықаралық ұйым құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанның тұңғыш президенті ядролық қарусыздандыру саласындағы қазіргі жағдайға алаңдап отырғанын жеткізді. Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы да әлемдік ахуалды ушықтырып отыр. Сол себепті бүгінде ядролық қарусыздандыру мәселелері ашық айтылатын жаһандық алаңды құруға деген сұраныс артып келеді.
«Осыны ескере отырып, ядролық қарусыз әлем үшін көшбасшыларының жаһандық альянсын құру қажет деп санаймын. Осы алаңда жетекші ғалымдар, беделді саясаткерлер мен дипломаттар өзара бірігіп, ядролық қарусыздандыру шараларына өз үлесін қоса алатын еді. «Astana club-тың» мүшелеріне осындай халықарлық бірлестікті құру мәселесін талқылауды ұсынамын», — деді Назарбаев саяси форумының пленарлық мәжілісінде.
Бұдан бөлек, Елбасы ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің кейбір тұстарын өзгерту керек деп санайды. Атап айтқанда, осы келісімнен шыққандар үшін жауапкершілікті күшейткен жөн. Соның бәрін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті резолюцияларымен бекіту қажет. Ал, ең бастысы, ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімді тездетіп рәсімдеп алған дұрыс.
Тағы оқыңыз: «Дағдарыс болуы мүмкін». Назарбаев неге алаңдап жүргенін айтты
«Бүгінгі отырысты пайдаланып, ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммиттерді екі жыл сайын өткізу тәжірибесін қайта қолға алған дұрыс екенін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Қазақстан ондай саммиттердің біреуін өз жерінде өткізуге әзір. Оған біздің моральдық құқығымыз бар. Себебі әлемдегі ірі ядролық полигондардың біреуін жауып, төртінші орында болған ядролық зымыран қорынан бас тарттық», — деп атап көрсетті Назарбаев.
sputniknews.kz