ЖАҢА ҒАСЫРДАҒЫ

0

Қазіргі заманның Қазақстан тарихында тағы бір тарихи маңызды кезеңі басталды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстан халқы­ның санасын жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындап берді және қоғамды рухани жаңғыр­тудың өзектілігін көрсетті. XXI ғасыр өзінің күрделі талаптарымен есік ашып отыр. Адамзат үшін компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени жаңғыру қажеттілікке айналды. Ал оған дейін біз қандай жолдан өттік?

Тәуелсіздік тарихына көз жіберсек, тарихи са­наны қалыптастырудың арғы тамыры 1992 жыл­ғы «Қазақстан тарихын оқыту тұжырым­да­масы» мен 1995 жылғы «Қазақстан Респуб­ликасында тарихи сананы қалыптастыру тұжы­рым­дамасынан» бас­та­лады, одан кейінгі жыл атаулары, мысалы тәуел­сіздік жылнама­сын­дағы 1997 жыл – «Жал­пы ұлттық татулық пен сая­си қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жыл – Н.Назарбаевтың «Тарих толқы­нында» кітабы шыққан жыл, 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» болып белгіленді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да іске асқан осы жылдардың атауларының өзі елі­міздің тарихи санасын қалыптастыруға үл­кен септігін тигізді. Оған әртүрлі жанрда шық­қан деректі фильмдер мен тарихи кино­ларды, сахналанған көрсетілімдер мен тарихи-та­ным­­дық теле-радио бағдарламаларын қосыңыз.
Өз нәтижесін берген осындай іс-шаралар, әрине, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын жүйелеуге мүмкіндік жасаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен «Халық тарих толқынында» салааралық тарихи зерттеулер бағдарламасы арқылы іске асты. Тіпті 2013 жы­лы шақырылған Қазақстан тарих­шы­ла­­ры­ның бірінші ұлттық конгресінің де «білек сыбана іске кірісуі» жоғарыда аталған ал­ғашқы тұжырымдамалар мен бағдаламалар­дың аясында жүргізілді десек қателеспейміз.
2016 жылдың желтоқсанында «Көне дәуір­ден тәуелсіздік кезеңіне дейінгі Қа­зақ­стан та­ри­хы» және «Тәуелсіздік кезеңін­дегі Қазақстан тарихы» атты екі бөлімнен тұ­ратын базалық оқу­лықтың жобасы, оның үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) хресто­ма­тия­лары, электрон­ды нұсқалары және мультиме­диялық қосым­ша­лары әзірленді. Оқулық жобасын дайын­дауға еліміздің жетекші ғалымдары мен кәсіби әдіс­керлері тартылды: М.Әбусейтова, К.Бай­па­қов, К.Хафизова, Қ.Әбуов, Б.Қар­а­жанов, Е.Сы­дықов, В.Зайберт, А.Құшқым­баев, А.Ораз­бае­ва, З.Сақтағанова, Ж.Сәбитов. 3 жыл ішінде атал­­ған ғалымдар­дың күшімен оқулықтың ба­ла­малы типтік оқу бағдарламалары жа­сал­ды.
Бүгінгі күн тұрғысынан Қазақстан тари­хын дәуірлеудің жаңа нұсқасы ұсынылады. Қа­­зіргі кезде 2013 жылы басталған оқулық әзір­­лемесі жұмысының алғашқы сатысынан ға­на өттік. Алдағы уақытта ҚР БҒМ-нің рұқ­са­тымен кемінде бір жыл көлемінде ЖОО-да­ғы бірқатар мамандықтар бойынша апро­ба­циядан өтуі тиіс деген ойдамыз. Одан кейін де бірнеше сатыдан өту ләзім, содан кейін ғана бас­падан шығаруға мүмкіндік аламыз. Бұл – жал­пы оқулық әзірлемесінің өте күрделі жұ­мыс екенін, кәсіби мамандар­дың тынымсыз еңбегін, алтын уақытын және үлкен шы­дам­дылықты талап етеді деген сөз.
Сонымен қатар «Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президентінің қызметі мен оның мемлекеттілікті жаңғыртудағы рөлін жүйе­лі түрде оқыту мен зерттеу бағдарламасы» атты ауқымды жұмысты жүзеге асыру мақ­сатында бірқатар ғылыми зерттеулер, «Ұлы да­ла тұлғалары» сериясымен Жұмабек Тә­шенов, Ілияс Есенберлин, Анна Панкратова, Кә­рім Мыңбаев кітаптары жарық көрді. Қа­зақстан тарихынан базалық оқулық пен инс­титутымыздың ғылыми зерттеу жұмыстары не­гізінде даярланған жинақтардың жобалары түрлі ғылыми шаралардағы кітап көрмесіне қойылды.
Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, қо­ғамның саяси құрылымы мен эконо­ми­касын қайта құрудан гөрі, адамзаттың көне дәуір­ден бастау алатын дағдылары мен әдет­терін өзгерту өте күрделі екен.
Мемлекет басшысының мақаласында көр­сетілген ең басты міндет – қазіргі жаһан­дық әлеммен қабыспайтын, барынша ескір­ген дағдылар мен әдеттерден арылумен қатар, бүгінгі жаңа әлемнің талаптарына жауап бе­ретін жаңарған саяси мәдениетті қалыптас­тыру қажет болып отыр.
Қоғамды жаңғыртуда қай кезеңде бол­ма­сын тарихшылар қауымы елеулі рөл атқарады. Бү­гінгі Қазақстан мектептері мен колледж­де­рін­де, университеттер мен ғылы­ми-зерттеу инс­титуттарында 700-ге жуық кәсіби тарихшы жұ­мыс істейді, олардың 122-сі ғылым докторы, 537-сі ғылым кандидат­ы және 23-і PhD. 122 ғы­лым докторының 72-сін, 537 ғылым кан­ди­датының 217-сін ер азамат құраса, 23 PhD-ын тең бөліседі. Сонымен қатар ғылым­да­ғы са­палық талдау­дың нәтижесі ғалым­дар­дың бір­те-бірте «қартаю» деңгейінің артуын көр­­се­тіп отыр. Себебі, бәрімізге белгілі жас­тар­­ды ғы­лымға тартудағы қаржылық, жүйелі ұйым­­да­с­­тыру­шылық жұмыстарындағы кедер­гі­лер. Сон­дықтан жас ғалымдардың диссерта­ция­­ла­рын қорғаудағы күрделі талаптарды жеңіл­дету, ға­лымдарды, әсіресе жас ғалым­дарды әлеу­мет­тік жағынан қолдау шарала­ры­ның қажет­тігі қо­ғамда айқын сезіледі. Бұл проблема бойын­ша тарихшы ғалымдардың бір тобы Білім және ғылым министрлігіне өз тілек-ұсыныстарын да жолдады. Біріншіден, қазірден бастап жасы 40-қа дейінгі талантты жас ғалымдарды ғы­лым­ды ұйымдастыру және басқару жұмыста­ры­на тарту арқылы Астана және өзге де қа­лаларда кәсіби тарих­шылар мектебін қа­лып­тастыру және маман­дандыру жұмыс­та­рын жүйеге келтіруіміз қажет.
Екіншіден, қазіргі тарих ғылымы ізденіс-зерт­теу жұмыстарында жаңа әдіс-тәсілдерді пай­далануды қажет етеді. Тарих ғылымының өт­кен тәжірибесін пайдалана отырып, бізге қа­зіргі ғылымның жетістіктері мен құралда­рын кеңінен қолдану қажеттілігі байқалады. Бұл жерде тарих ғылымындағы жаңа ба­ғыт­тың бірі – популяциялық генетиканы, интер­нет жетістіктерін, архивтердегі, соның ішінде әлемдік архивтерде осы уақытқа дейін ғы­лыми айналымға түсе қоймаған деректерді мүм­кіндігінше жүйелі және кеңінен пайда­лану мәселесі айтылып отыр. Осыған бай­ла­нысты Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің архиві, ҚР ОМА, ҚР ҰА, облыстық мем­ле­кеттік архив қорларының мамандары­мен бір­лесе отырып, Қазақстан тарихы бойын­­­ша «Цифрлы архив» жүйесін қолда­ныс­­қа енгізу қажет. Әрине, бізде бұл игілікті іс­тің бас­тамасы бар, бірақ тарихшылар мен мұра­ғат­шыларға ортақ проблемаларды бір­лесе шешу­дің жолдарын қарастырғанымыз дұрыс.
Үшіншіден, тарихи кезеңдерді жүйелеуде жаңа концептуалды әдістерді іздестіру қажет. Осы мақсатта типтік бағдарламалар мен элек­тив­ті курстарды жаңарту мәселесі өзекті. Бәрімізге белгілі, тарих ғылымында әлі де пікір қайшылықтарын тудыратын тақырып­тар көп. Типтік бағдарламалардың мазмұны жаңар­­­тылмай, жаңа оқулықтарды жазу мүм­кін емес. БҒМ талаптарына сәйкес жасалған қазіргі типтік оқу бағдарламалары мен бала­м­алы типтік оқу бағдарламаларының ішкі мазмұнын қайта қарау, сараптама жасау мақ­сатында Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің аясында іріктелген кәсіби тарих­шылар құрамымен Тәуелсіз үйлестіру кеңесін құру қажет. Сонымен қатар ұлттық конгрестің ғалымдарына сыйақы бекіткен жөн.
Төртіншіден, магистранттар мен док­то­рант­­тар даярлау жүйесіндегі оқу бағдарла­ма­ларын да қайта қарау қажеттігі байқалады. Бо­лашақ кәсіби тарихшыларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерімен шектелуге бол­майды. Парсы, араб, қытай немесе француз, испан тілдерін меңгеру де қажет. Бұрын жо­ғары білім берудің мемлекеттік стандарттары бойынша «тарих», «археология және этно­логия», «мұрағат және мұражай ісі» маман­дықтары бойынша ерекшелігіне сәйкес бір шет тілін қосымша оқытатын, мысалы ар­хео­лог­тар араб тілін, тарихшылар француз, неміс тілдерін біліп шығатын, тіпті латынша оқи­тын едік. Жаһандану жағдайында осы үрдісті қай­та жаңғырту қажеттігі артып отыр. Та­рих­шылар қауымына елімізде латын әліпбиіне көшу қажеттігін көпшілікке түсін­діру міндеті де жүктеледі. Бүкіл әлем қытай иероглифін, араб­тың өрме жазуын, үндінің санскритін пай­даланудың ғасырларға созыл­ған тәжі­ри­бесін жинақтағанымен, латын әліпбиін де пай­даланады. Бұл ұлттардың одан әрі дамуы­на, жаңа технологияларды пай­далануға, сан­сыз көп құжаттарды рәсім­деуге т.б. бай­ла­нысты қажеттіліктен туын­дады. Қа­зақ­станның тарихшылар қауымына Президент мақала­сын­дағы негізгі тұжырым­дарды халыққа же­т­кізуде де белсенділік танытуға тура келеді.
Тарихқа үңілсек, өткен ғасырда басты үш идеологияның күйреуін көрдік: коммунизм, фа­шизм және либерализм. Радикалды идео­ло­гиялар ғасыры өтті. Кезінде кеңес халқынан «ком­мунистік қоғам» құру мифі жолындағы миллиондардың қасіреті де жасырын күйінде қал­ды.
КСРО-дағы коммунизм құру идеясының жалаң аңыз, халықты алдау-арбау болғаны – тарихи шындық. Осыған орай, қоғамдық немесе бұқаралық сананы жаңғырту әдістері: тарихи оқиғалар ақиқатын жалпы оқу орын­дарында оқыту, БАҚ, интернет арқылы түсінік және насихат жүргізу, халық алдында дәрістер оқу, ғылыми-көпшілік жарияла­нымдар жасау, әдебиет және өнер туынды­лары арқылы бей­нелі түрде әсер туғызу, қа­лың көпшілікті қам­титын сахналан­ды­рылған және спорттық іс-шаралар (флеш-мобтар және басқа да тақырыптық көріністер), көшелерде адамдар­дың назарын аударатын ашық түсті көрнекі­ліктер (баннерлер, транс­паранттар, тақырып­тық плакаттар). Елбасы­ның гуманитарлық сала мамандарына, соның ішінде тарихшы­ларға «Туған жер» бағдар­ламасын ұсынуымен, тарихи таным­дық серпіліске жол ашты. Бұл бағ­дарламаның ең басты нысаны – өлке тарихы. Қазақстан тарихы бойынша «Өлке­тану» пәні болашақта типтік оқу бағдарла­маларына енгізілсе де артық болмайды.
Сонымен қатар ғылыми-зерттеу инсти­туттары мен ғылыми мекемелер қоғамдық са­на­ны жаңғыртудың теориялық мәселелері бойынша іргелі зерттеулермен айналысып, осы бағыт­тағы зерттеу жұмыстарын үйлес­тіру­ші жалпыреспубликалық орталыққа ай­налуы керек. Олар өздерінің қызметін белгілі бір ғылыми-зерттеу институтының негізінде, оның бір құрылымы немесе дербес әрекет ете­тін «Қоғамдық сананы зерттеу орталығы» (ҚСЗО) ретінде ұйымдастырылса жөн деп білеміз. Білім мен ғылымның салтанат құруы жалпыға ортақ. Тарихтың тағылымы мен озық дәс­түрлерге негізделген жаңғыру ғана өркен­деу­дің берік діңгегіне айналмақ.

Бүркіт АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының
докторы, профессор