Жаңа форматтағы орталық ашылады | «Айқын» газеті
Еліміз мамандар жағалай отырып, халықты қабылдайтын дәстүрлі ХҚКО-лардан электронды ХҚКО-ларға қарай ауысуға ден қойды. Осы орайда алдағы сәрсенбіде, 12 желтоқсанда Астанада Қазақстандағы тұңғыш «Электронды қызметтер орталығы» салтанатты түрде ашылатын болады.
Аталған орталық республикадағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа буынының ізашарына айналмақ. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов хабарлады.
«Бұдан бөлек, биылғы жылдың басынан бері Қазақстанда «цифрлы ХҚКО-лар» ашылуда: дәстүрлі орталықтардан айырмашылығы сол, бұларда үстел басында отыратын оператор мамандар жоқ. Тек залда жүретін кеңесші-консультанттар ғана өз бетінше қызмет алушы азаматтарға бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырады. Осындай цифрлы ХҚКО-лар қазірдің өзінде Астана, Алматы, Шымкент және Қостанай қалаларында жұмыс жасауда», – деді А.Оспанов.
Оның мәліметінше, цифрлы ХҚКО-лар барлық облыс орталығында ашылуға тиіс. Ол фронт-офистерде қазақстандықтар тек қызметтерді өздігінен алып қана қоймай, сондай-ақ арнайы жабдықталған оқу кластарында цифрлы сауаттылықты игеру мүмкіндігін иеленеді.
А.Оспанов қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің жартысынан көбі электронды күйде тұтынылатынына назар аудартады. Нақтырақ айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 598 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұл арнайы тізілімде бекітілген барлық мемлекеттік қызметтердің 80 пайызына тең. Өткен 11 ай ішінде мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері 30 миллионнан астам қызмет көрсетсе, соның 16 миллионға жуығы электронды форматта берілген.
Алайда мемлекеттік қызметтердің барлығын бірдей интернет арқылы электронды күйде алу мүмкін емес әрі біразы бойынша адамның ХҚКО-ға келіп, көрінуі талап етіледі. Мәселен, аталған тізілім-реестрдегі 741 мемлекеттік қызметтің небәрі 454-і, яғни 61 пайызы ғана бүгінде электронды форматта қолжетімді. Бірақ бұл көрсеткішті жақсарту және жыл өткен сайын электронды форматта көрсетілетін қызметтер санын өсіру міндеті қойылған. Нәтижесінде, 2020 жылы оның үлесі 90 пайызды құрауға тиіс.
– Цифрлы мемлекет қалыптастыру барысында азаматтардың цифрлы жаңашылдықтарға деген қызығушылығын тудырып, олардың қыр-сырына үйретіп, үнемі еліктіріп отыру қажеттігін түсінеміз. Сондықтан бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тағы бір миссиясы пайда болды, ол халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруды қарастырады, – деді Аблайхан Оспанов
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын