жаңа білім министрі түлектерге кеңес берді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Аймағамбетов тест арқылы емес, бағдарлама бойынша дайындалу керек екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Жаңадан тағайындалған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ тапсыратын түлектерге сәттілік тілеп, емтиханға «шпаргалка» кіргізбеуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр ҰБТ өте маңызды емтихан екенін атап өтті.

«Ең бастысы, уайымдамау керек. Сіздер дайындалдыңыздар, деніңіз тестілеуден өтіп, мектепте қажетті білім алдыңыздар. Сондықтан ұйқыны қандырып, емтихан жайлы барынша ойламауға тырысу керек», — деді Аймағамбетов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол ҰБТ тапсыратын түлектерге сынаққа «шпаргалка» мен телефон алып кірмеуге кеңес берді.

«Адам өзімен бірге «шпаргалка», ұялы телефон немесе басқа да заттар алғанда, ең алдымен, соны қалай кіргізсем екен деп алаңдай бастайды. Екінші, оны ешкімге байқатпай, тыққан жеріңнен шығарып, пайдалану мұңға айналады. Бұл да бір күйзеліс. Сондықтан мен, ең алдымен, өзіңе сену керек деп санаймын. Тест арқылы емес, бағдарлама бойынша дайындалу керек, бұл өте маңызды. Тест бойынша дайындалу жеңіліске апаратын жол екенін өз тәжірибемнен білемін»,  — деді министр.

Ол биыл ҰБТ өткізу ережелері өзгермегенін атап өтті. Айтуынша, министрлік өкілдеріне, мектептер мен жоғары оқу орындарының басшылығына ҰБТ кезінде балаларға жылы қарап, оларға жағдай жасау керектігі тапсырылған.

«Білесіздер, әдетте балаларды таң атпай ұйқысынан оятып, ҰБТ өткізу пунктеріне ерте жинайды. Сөйтіп, олар ұзақ уақыт күн астында тұруға мәжбүр болады. Сондықтан бұған жол бермес үшін егер бала ҰБТ өткізу пунктіне ерте келсе, есік ашып, оны ішке кіргізіп, су беріп, жағдай жасау керек. Ішке тыйым салынған заттар кіргізілмейді», — деді Аймағамбетов.

Айта кетсек, биыл ҰБТ 20-30 маусым аралығында барлығы 169 тапсыру пунктінде өтеді.

ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Соның ішінде, 96 мыңнан астамы – осы жылғы мектеп түлегі, ал 20 мыңнан астамы биыл және өткен жылдары колледждер мен шетелдік білім беру ұйымдарын бітіргендер.



sputniknews.kz