Жаңа бастама – жаңа серпін
«Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент академиясы Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын түсіндіру бойынша спикерлердің аймақтық пулы мен партия белсенділері үшін партияның аймақтық филиалдарымен бірге бейнеконференцбайланыс форматында семинар өткізді. Оған партияның аймақтық филиалдарынан 400-ден астам адам қатысты.
Басқосуды «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев кіріспе сөзімен ашты.
– Елбасы мақаласының бірегейлігі ұлы даланың жеті қыры ретінде анықталған ата-бабалар мұрасын тереңірек қайта пайымдауында. Негізгі бағыт – ұлы даланың әлемдік тарихтағы рөлі мен қазіргі Қазақстанның осы тарихқа қатыстылығын көрсетудің жаңа форматы. Бұл жас ұрпақтың өз бастауларын, ұлттық тарихын тереңірек және бар қиындығымен түсінуі үшін өте маңызды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің өткен өмірімізді тарихи тұрғыдан қайта пайымдаудың жаңа бір бетін ашып отыр. Ол біздің елімізде тарихи сананы одан ары қалыптастыруға бағытталған. Президент осы мақаласы арқылы әртүрлі тарихи кезеңдерді біріктірген, олардың сабақтастығы мен ажырамасын көрсететін Қазақстан халқының зияткерлік және рухани көшбасшысы ретінде ой-пікірлерін білдірді, – деді Қ.Бекболатұлы.
Дөңгелек үстел барысында тарихи сананың жаңғыруы, ұлы даланы жүйелі қарастыруға қажетті негізгі императивтер, әлемдік үдерістердегі Қазақстанның рөлін қайта қарастыру мәселелері, сондай-ақ нақты жобалар мен бағдарламалар талқыланды.
Семинарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын түсіндіру бойынша Стратегиялық зерттеулер институты әзірлеген әдістемелік нұсқаулықтың презентацияcымен «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институты директорының бірінші орынбасары Юлия Кучинская таныстырды.
– Президент мақаласында Қазақстан мен Орталық Азия аумағы әлемдік өркениеттің ең белсенді орталықтарының бірі болғанын айта отырып, тарих ғылымында жаңа бағыт қояды. Тарихшыларды, мәдениет және өнер қызметкерлерін ата-бабаларымыздың мұрасын ашу және қалың бұқараға жеткізу бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, – дейді Ю.Владимировна.
Жиын барысында отандық антропология ғылымының негізін қалаушы, антрополог Оразақ Смағұлов «Қазақ елі мен байырғы қазақ атамекен тұрғындарына этноантропологиялық сипаттамалары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өкілі Светлана Ананьева «Жаһандық-тарихи процестегі ұлы дала: этноқиылысулар және трансшекаралық», Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының директоры Жангелді Махашов «Архив – 2025» бағдарламасын даярлау және іске асыру», Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу», Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит Сыдықназаров «Ұлы даланың жеті қыры» Қазақстанның қазіргі заманғы саяси тарихындағы мәдени-идеологиялық жобасы ретінде», Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының Өнер, халықаралық қатынастар және біліктілікті арттыру департаментінің директоры Айгүл Ізмағанбетова «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тақырыптарында баяндама жасады.
Кездесуді қорытындылаған «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мұраларымызды терең тануға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер беретінін ерекше атап өтті.
Абылайхан ЖҰМАШ