Жан жылытар жоба | «Айқын» газеті

0

«Астана» телеарнасының эфирінде және «Айқын», «Литер» газеттерінде «Қайырымды жандар» бірегей жобасы бастау алады. Бұл – 20 минуттық телевизиялық деректі фильмдер сериясы және көлемді мақалалар мен Қазақстанның қайырымдылық қорлары туралы сұхбаттар.

Бүгінде елімізде қайырымдылық шараларын жүзеге асыратын 5 мың­нан астам үкіметтік емес ұйымдар, мекемелер және қорлар бар. Жоба авторлары еліміздегі қайырымды­лықпен ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде айналысып келе жатқан ең ірі қор­ларды таңдап алып отыр.
Жоба кейіпкерлері – қайырым­дылық қорларының құрылтай­шылары мен басты демеушілері, яғни ізгі ниетті жандар. Жоба автор­лары қайырымды жандардың өзгеге көмек қолын созуға, әрдайым қолдау көрсетуге талпындыратын ішкі мақ­саттарын ашып көрсетеді. Бүгінде олар жүздеген әлеуметтік, медици­налық және білім беру саласындағы маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Олар аз қамтылған отбасылардың мәселелерін шешіп, балалар орта­лық­тарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, церебральды сал ауруы, аутизм, онкология сияқты ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға қол ұшын созып келеді.
Көрермендер бұл фильмдерден көмекке мұқтаж адамдардың қиын­дықтарын бөлісе алатын мейірімді жандардың сан түрлі оқиға­ларын көре алады.

Мысалы, аз қамтылған отбасылар мен бал­алар үйінің нейро-ортопедиялық сырқатқа шалдыққан балаларын оңалтумен «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры айналысып келеді. Бұл қорға Динара Закиева, Шолпан Нурумбетова, Арайлым Еркинова, Гульмира Алимова сияқты көпбалалы аналардан құралған іскер әйелдер тобы құрылтайшылық етеді. Нагима Плохихтің бастамасымен «Здоро­вая Азия» қоры Қазақстандағы бірін­­ші паллиативтік көмек көрсететін балалар хос­пи­сін ашып, онкологиялық дертке шалдық­қан балаларға қолдау көрсетеді. Ал ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін ыңғайлы, инклюзивті орта жасау Гүлнар Досаеваның «Дара» қорының мақсаты болып отыр. Ару­жан Саинның «ДОМ» қайырымдылық қоры ұзақ жыл бойы ауыр науқастанған бала­лар­ға мақсатты көмек көрсетіп келеді. Болат Өтемұратовтың қоры аутизммен ауыратын балаларға арналған төрт оңалту орталығын ашып, спорт пен өнерді дамытуда бірқатар жобаны іске асыруда. Айдын Рахым­баевтың «Аналар үйі» қоры барлық бала отбасы жылуын сезініп, махаббатқа бөленіп өсуі тиіс деп есептейді. Бауыржан Байбектің «Бола­шақ» қоры 8 оңалту меке­ме­сін жабдық­тап, мұқтаж балалар мен талант­­ты жастарға 17 білім беру және 47 жол жүру грантын табыс­тады. Әсел Тасмағам­бе­това­­­ның «Сәби» қоры сатып алған 62 «инва­такси» көлігі Қазақстан­ның 20 қаласы бо­йын­ша мүмкіндігі шектеулі жандарды алып жүреді және қор 8 кешенді бағдарлама арқы­лы мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Айдана Сулейменованың «Аяла» қоры перзент­ханалар мен перинаталды орта­лық­­тар­ды қымбат жабдық­тармен қамтамасыз ете­ді және SMS арқылы қайырымдылық қо­рын жинау үшін 9962 қысқа санын іске қос­қан.
Қайырымдылық бір-біріне ұқсамай­тын, бірақ әлемді бірге жақсартуды мақсат еткен жандарды біріктіреді. Жоба кейіп­кер­­лерінің оқиғаларын, қайырымдылық­тың кімдер үшін ерекше миссияға және өмір салтына айналға­нын «Қайырымды жандар» жобасының теле­ви­зия­лық фильмдері мен газет бетіндегі мате­риал­дары толық баяндайтын болады.
«Бұл жоба елімізде қайырымдылық жасау мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға ықпал ететін болады. Біз ірі қайырымды­лық қорла­ры және олардың алдағы жоспарлары мен күн­делікті жұмыстары туралы сөз етеміз. Жоба­дан әр қазақстандық қайы­рым­дылық жасауға қалай үлес қоса алаты­нын және мұқтаж жандар қандай көмек ала алатынын біледі. Осы жоба барысында адамдардың бойында мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттері көпшілік ойлағаннан әлдеқайда көбі­рек екеніне көз жеткіздік. Сондай адам­дарды ел білсе екен дейміз және олармен мақ­­­тана алуымыз керек» дейді «НҰР-Ме­диа» холдингінің бас директоры Ляззат Таныс­бай.
«Астана» телеарнасының эфирінде және «Айқын», «Литер» газеттерінде бірегей «Қайырымды жандар» жобасы. Бізбен бірге болыңыздар!

Дереккөз: Айқын