«Жан-жақтан қысып жатыр»: Қазақстандық жүкті блогер салық комитетінің хабарламасынан кейін ауруханаға түсті

0

Қазақстандық тележүргізуші, актриса және жүздеген мың жазылушысы бар блогер Дарья Александрова салық комитетінен келген хабарламадан кейін жағдайының нашарлағаны туралы жеткізді. Айтуынша, оған мемлекеттік органдар 120 миллион теңгеден астам сома кірісін жасырды деген айып тағып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогердің айтуынша, салық қызметі Александроваға 79 және 42 миллион теңгеге кірістерді төмендеткенін жіберген. Заң бұзушылықтың түрін экспорт деп көрсеткен. Ал блогер өз қызметін 2018 жылы ашылған жеке кәсіпкерлік арқылы жүргізгенін және ешқашан экспортпен айналыспағанын айтады.

Александрова өзінің жүкті екенін және осы жағдайдың кесірінен денсаулығы нашарлағанын жеткізді.

“Жүктілігім болмағанда баяғыда-ақ Ақорданың алдына барып, президентті күтер едім. Біз секілді кәсіпкерлердің оған айтары көп. Жан-жақтан қысып жатыр. Бұл түріммен жындыханаға жатар едім.

Мен кәсіпкерліктен кетіп, біреудің қол астына жұмысқа тұрамын. Елімізде кәсіпкерлікпен айналысу мүлде табыс әкелмейді. Мені жұмысқа алыңыздаршы”, –  деп жазды Александрова instagram-да.

Сонымен бірге ол өзінің бірнеше несиесі бар екенін алға тартты. Айтуынша, сол себептен қазір бұл салық мәселесін шешуге көмектесетін бухгалтерлер мен заңгерлерге қосымша қаражат жоқ. Ол бұл күйзелістің кесірінен іштегі сәбиінің өмірін сақтап қалу үшін ауруханаға жатуға мәжбүр екенін айтты.

«Байғұс балам, менің күйзелісімнің салдарынан ішімде аунап жүр. Қазір тек жатырмын, ашуланбаймын, жыламаймын. Ертең сәбиді қорғау бойынша процедураға жатамын. Алайда заңсыз жасалған әрекетке байланысты істі аяғына жеткіземін. Осы күннен бастап Даша патриот болуды тоқтатқан сияқты», – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Әлішер Елікбаев Қазақстандық 8 мың блогерге салық төлемегені туралы хабарлама келіп жатқанын мәлімдеген еді. Айтуынша, 2022-2023 жылдарға арналған есеп мүлде ақылға қонымсыз түрде есептелген.