«Жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығуы мүмкін»: Эпилепсияға шалдыққан балаларға ата-аналары дәрі таба алмай жүр – Қазақстан жаңалықтары

0

Эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан балалардың ата-аналары денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

дәрі

Олар сырқат ұл-қыздарына дәріні осы уақытқа дейін шетелден алдырып келген. Ал қазір ТЖ режиміне байланысты шекара жабылған соң жеткізу тоқтаған. Ата-аналар қолда бар дәрілерін түгесіліп, ол таусылған жағдайда не істерлерін білмей отыр. Өйткені ата-аналар іздеген тап сол дәрі министрлік бекіткен тізімде жоқ. 

«Эпилепсияға қарсы ішетін дәріге қатты мұқтажбыз. Құрметті министр мырза, бізге, Қазақстанға осы дәрілерді тіркеп берулеріңізді сұраймыз», – деді ата-аналар.

Шарасыз аналарға дәрісіз балаларының күйін ойлаудан қорқады. Карантин созылған сайын, олардың да уайымы ұлғайып барады.

«Бұл дәрілерді уақытында ішпеудің салдары дірілдетіп, ауыр тырыспаға әкеп соқтырады. Тырыспасы күшейеді. Балалар жағдайлары ауырлап, Құдай бетін ары қылсын, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығуы мүмкін», – деді Алматы қаласының тұрғыны Айдана Алдыбекова.

Айдана секілді елдің түкпір-түкпіріндегі аналар осыған дейін талай табалдырықты тоздырып, хат та жазған. Бірақ шетелдік дәрі әзірге белгісіз себептермен тізімге бекітілмей тұр. Тіпті, эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан балалардың ата-аналары бірігіп «Кең жүрек» қоғамдық қорын құрған. Мұнда дәрісі бітіп жатқан аналарға басқалары өздерінде қалған дәріні бөліп береді.

» Дәрілері жетпей жатқан ата-аналар болса, кімде қорда дәрі бар, бір-бірімізбен бөлісіп, мәселені өзара шешіп жатырмыз», – деді Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Әбдірахманова.

Белгілі болғандай, денсаулық сақтау министрі бұл жағдайдан хабардар. Олар аналардың сөзіне құлақ түріп, көмек қолын созамыз деп уәде берді.

«Денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуге дайын. Қазір шетелден осы дәрілерді жеткізе алатын дистрибьюторлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар қанша науқас осы дәрілерге мұқтаж екенін нақтылап жатырмыз. Сол бойынша карантин кезінде бір рет жеткізуге рұқсат береміз», – деді ДСМ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаментінің директоры Александр Костюк.

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз