Жан Ахмадиев көпшіліктің көңілінен шыққан бейнебаян түсірді — Қазақстан жаңалықтары
Атышулы Жан Ахмадиев кезекті рет «Қазақпыз ғой-7» бейнебаянын түсіріп әлеуметтік желіге жүкітеді. Қоғамда болып жатқан соңғы оқиғаларға өз ойын бейнебаян арқылы ұсынған оны көпшілік көрермендер қолдап пікір қалдырған. Дегенмен, клипті түсірудегі мақсаты не екенін, желіге салған бойда басы дауға қалғаны жайында Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
«Сендер айтып жүрсіңдер ғой бізде бәрі керемет, оттапсыңдар сендер жақтан көмек, пәтер керек еді»,-деп мемлекет басындағыларға қарата айтқан кезекті өлеңнің шығуына Астанадағы бес сәбидің өлімі қатты әсер еткенін айтады рэпер. Еліміздегі орын алып жатқан соңғы оқиғаларға үндемей отыра алмадым деген Жан Ахмадиев шындықты айтамын деп басы дауға қалып отырған сәті осы ғана емес. Бұл жолы «Барлық» базарының басшылары сотқа береміз деп дау шығарып отыр деді рэпер.
«Қорыққаннан бұрын «Барлық» базарының басшысы мені сотқа беріп жатыр. Ол базардағы автобустар техникалық тексерістер болмайтындықтан, өздеріңіз білесіздер өткен жылдары жол көлік апаты жиі болды. Көп адамдар қаза тапты. Адам шығынын көбейткенше, автобустарды автовокзалға көшіріңдер деймін. Бейнебаян шыққан соң, базардың басшылығы звондап, «мән жайды анықтап білмей олай айтуға құқығың жоқ. Елдің алдына шығып кешірім сұра. Болмаса сотқа береміз. Көзіңді құртам. Бізде де бандиттер бар» деп отыр»,-дейді Жан Ахмадиев.
«Кешірім сұрау ойда жоқ. Елдің алдына шығып, ойбай мен өткенде мас болып едім деп жалтара алмаймын ғой. Айтылған сөз атылған оқ. Клип халық арасына тарап кетті. Енді оны тоқтата алмаймыз», -деп сотқа берушілерге қарсы ешқандай да әрекет жасамайтынын ашып айтты.
Клипте айтуға болмайтын, тыйым салынған адамдардың аты аталып көрсетілген. Бұл шенеуніктерге қарсы ашық қарсылық емес па деген сұрағымызға ешқандай қарсылық емес екенін айта келіп, көптен бері айтқысы келіп жүрген әні екенін жеткізді.
«Мен ешкімге қарсы емеспін. Жай пікірім. Көңілімдегі, жүрегімдегі бұрыннан жүрген реніштер ғой бұның бәрі»,- деп билікке деген ренішін клип арқылы жеткіздім дейді Ахмадиев.
Клипте өзін «заманауи жырау» деп таныстырған оған бұл атау тым батылдық емес па деп сұрағанымызда: «бұл бұрыннан бар атау. Енді шығып келе жатқан кезден-ақ «сен заманауи жыраусың» деп айтушылар көп болды. Бұрындары Бұқар жыраулар өлеңімен жырласа, мен замануи жырау ретінде рэппен айтамын»,- қысқа қайырды.
stan.kz