Жамбылдық оқушы шағын трактор жасап алды

0
1

Жамбылдық жас өнертапқыш шағын трактор жасап шығарды.

Жамбыл облысы Сарысу ауданыныңдағы Әйтеке би атындағы орта мектептің оқушысы шағын трактор жасап шығарды. Саудакент ауылының баласы Бақтияр Тұрғанбаев шағын агромашинаны күнделікті тұрмыстық қалдықтан жасаған.

Бұл туралы Саудакент ауылындағы аудандық білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының директоры Мұхтар Мелдеев былай дейді. «Мектептердегі «Авто-21» үйірмесіне 10-11 сыныптың оқушылары қатысады. Әйтеке би атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Бақтияр «Ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру» аталымы бойынша «Шағын трактор» тақырыбындағы жұмысын сәтті қорғап шықты. Жетекшілік еткен Сапарғали Байулиев ізденімпаз, өнертапқыш оқушыға нақты бағдар, бақыт беріп отырды», – дейді орталық директоры.

Бақтиярдың өзі бұл идея ауыл тұрмысындағы күнделікті қажеттіліктен де туындағаның айтады. Ауылды жерде үй ауласы кең, бау-бақша да үлкен. Жерді қолмен аударып, өңдеу қиынға соғады. Жас өнертапқыш жұмысты жеңілдетудің жолын іздеп, шағын агромашина жасауға бел буады.

«Кәдімгі үлкен трактордың атқаратын қызметін атқарады. Трактор қырық түрлі бөлшектен құрастырылды. Қозғалтқыш ретінде кәдімгі бензинмен жұмыс істейтін сусорғы моторды пайдаландым. Ал қаңқасын үйдегі темір қалдықтарынан жинадым. УАЗ-дың дөңгелегі. Алдыңғы дөңгелек үйде жарамай қалған шөп шалғысыныкі. Ал, орындығы «Газельдікі». Артына зат салынады. Тіркегіші бар. Соқа жегіледі»,- дейді жас өнертапқыш.

Шағын трактор ауылдардағы үлкен техникалар бара алмайтын кішігірім бақтар мен саябақтардың ішіндегі агротехникалық жұмыстарды жүргізуге өте қолайлы. Арық қазып, жер жыртуға да таптырмас техника жанармайды да көп қажет етпейді. Қазірдің өзінде әртүрлі техниканың бөлшектерінен қолдан құрастырылған шағын тракторға аудан диқандары қызығушылық танытып отыр екен.

inform.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз