Жамбылда Жерлестер форумы өтті  — Аймақ|16 Қараша 2018, 13:46

0

Фото: әлеуметтік желіден

Тараз, Baq.kz тілшісі. Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік» атты Жерлестер форумы өтті.

Облыс көлемінде алғаш рет өткен Жерлестер форумының негізгі бөлімінде қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы Аягүл Миразова, Қазақ күресінен Халықаралық дәрежелі спорт шебері, 3 дүркін Қазақстан Барысы, «Еуразия Барысы» халықаралық турнирлерінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, білікті экономист, белгілі меценат Азаматхан Әміртай, «RUMI GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, кәсіпкер Қуаныш Шоңбай, Қазақстанның Еңбек ері, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров қатысып, құттықтауларын жеткізді.

«Бүгінгі қасиетті атамекеніміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтар қатарының жыл санап өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұған мысал, бүгінгі күні «Атамекен» бағдарламасы аясында олар 39 жоба, оның ішінде 7 тұрғын үй мен пәтер, 4 аллея, 1 медициналық пункт, 1 музей және 26 спорт нысаны пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 18 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде 5 спорт нысаны, 3 тұрғын үй, 5 әлеуметтік көмек және 5 инфрақұрылымды жаңғырту шаралары бар», — деді Жандар Кәрібайұлы.

Қоғамның жоғары қолдауына ие болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету, «Туған жер» бағдарламасының жалпыұлттық патриотизмнің негізгі өзегіне айналуына серпін беру және Отанға деген қалтқысыз қызмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезімдерінің қалыптасуына ықпал ету шараның мақсаты болып табылады.

Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталады.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ