Жамбылда жантүршігерлік көлік апаты: екі адам ажал құшты

0

Жамбыл облысында жол көлік оқиғасынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың 12 тамызында сағат 01.10-да Жамбыл ауданы, Гродеково ауылының Ақжол көшесінде орналасқан «ҚазМұнайГаз» автожанармай құю бекетінің жанында Mercedes Benz және BMW маркалы екі автомашинаның қатысумен жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат салдарынан Mercedes Benz көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, сондай-ақ осыған қатысты тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық- процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп- тексерудің қалған деректері тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды»,- делінген хабарламада.

Қазіргі таңда осы іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.