ЖАМБЫЛДА САЙРАМБАЙДАЙ НАР ЖІГІТ БАР
Ата кәсібінен адал нәсібін тауып, бүгінде елге танылған кәсіпкер, шаруа – Сайрамбай Дөненбаевтың азаматтығына, жомарттығына сүйсінген елі иә, осылай, «Жамбылда Сайрамбайдай нар жігіт бар!» деп мақтан етеді. Әрине, ел мақтаған аптал азаматтың ісі де аптал, сөзі де тастүйін. Әкесінің жолымен Шопан ата таяғын серік еткен ол жас кезінен-ақ, ермек қуып сайран салмады, еңбек етіп көпті қайран қылды. Бүгінде әлеуеті тасыған, дәулеті келіскен ірі де, іргелі шаруашылықтың бірі – аймақтағы Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайты елдімекеніндегі «Шәушен» шаруа қожалығын басқарып отыр.
1996 жылы құрылған қожалықтың негізгі бағыты – асылтұқымды мал шаруашылығын және егін шаруашылығын дамыту. Соңғы жылдары шаруашылықтың аты жалпақ жұртқа мал және егін шаруашылығын дамытудан бөлек, өз ауылына мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар мен жұмысшыларға баспана салып беру сынды істердің арқасында танылып жүр. Әрине, бұл іске Сайрамбай бас ие болып, әр шаруасын шебер ұйымдастыра білуімен жетті. Қажырлы еңбектің өтеуі – осы. Ал ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің күні кеше ғана өткенін еске алған кейіпкеріміз – бұған еш өкінбейтінін айтады.
– Қандай да бір жаңа істі бастар кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде мені қанаттандырған сөзін еске аламын. Президентпен бірнеше рет кездестім. Елбасымен алғашқы кездесуім күні кеше болғандай, әлі есімде. 2005 жылдың 1 ақпанында Астанада ауыл шаруашылығы бойынша үлкен жиын өтті. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Осы орайда бір қызық жағдайды айта кетейін. Сол жиында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан сөйлейтінім алдын ала белгілі болған. Ол жиында не айтатынымды әкімшілік қызметкерлері екі парақ қағазға жазып берді. Оны үш-төрт қайтара оқығаннан кейін жадымда жатталып та қалған. Содан не керек, жиынның басталатынына санаулы минут қалғанда сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин шақырып, не айтатынымды сұрады. Қалтамдағы қағазды көрсеттім. Ол кісі оған бір көз жүгіртіп шықты да, төс қалтасынан қаламын алып: «Осымен тоқтап қалмай, өз сөзіңді де қосып айт» деп жазыпты. Қанша дегенмен, Елбасымен бірінші кездесуім. Бойымды толқу, тебіренумен қатар қобалжу сезімі де билеп алған. Маған сөз кезегі берілгенде әлгі қағаздан бас алмай судыратып оқып шыққам ғой. Қызды-қыздымен Жексембиннің жазған жаңағы «Осымен тоқтап қалмай, өз сөзіңді де қосып айт…» деген сөзін қоса оқып жіберіппін. Жиналғандар қыран-топан күлкіге қарық болды. Елбасы да байсалдылықпен сәл жымиып: «Сонда, бағанадан бері кімнің сөзін айттыңыз?» деді. Қапелімде аузыма сөз түспей «Басшылардың жазып бергені…» дей беріппін. Айтпасам да Елбасы бәрін біліп отыр ғой, «Ендеше, өз сөзіңізді де тыңдайық» деді. Осы сөзден қанаттанып, өз сөзіммен жасап жатқан тірліктеріміздің бірсыпырасын айтып бердім. Сөзімнің аяғында: «Нұрсұлтан аға, бұрын мен де колхоз бастықтарын кінәлайтынмын. Сөйтсем, 40 үйді басқарудың өзі оңай емес екен ғой. Оны өз басымнан өткергенде бір-ақ түсіндім. Береке-бірлікте ел басқарып отырған сізге Алланың нұры жаусын! – деп тілегімді білдіре келе, «құлақпен жүз рет естігенше, көзбен бір рет көрген артық» демекші, шаруашылығыма келіп қонақ болуын өтіндім. Құдай тілегімді қабыл етіп, сол жылдың 27 сәуірінде Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев шаруашылығымды аралап, шаңырағымда қонақ болды. Сол кезде жан-жақтан келген шаруалар, жалпы жұртшылық Елбасыға көрсетуге шығарған біздегі асылтұқымды жылқы, ірі қара мен қойларға таңырқады дегенім аз болар, көбісі сенбеді. Тіпті «Президент келіп жатқаннан кейін жер-жерден әкеліп жинап қойған» деген сияқты сыпсың әңгімелер де тарады. Ал ол түліктің барлығы өз шаруашылығымыздың көрсеткіші еді. Жалпы, малды асылдандырмай жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайсыз. Біз мұны ерте бастан ұғынып, 2000 жылдары-ақ арысы Орал, Ақмола, Өскемен, Павлодар, Қарағанды облыстарымен байланыста болдық. Ол жақтан әкелген асылтұқымды малды өзіміздікімен будандастырып жаңа тұқым шығардық. Тіпті ет бағытындағы шаруашылықты дамыту үшін ірі, етті жылқыларды Ресейден алып келдік. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, Астана төрінде өткен сол үлкен жиында Елбасы мені екі-үш мәрте орнымнан тұрғызды. Бір-екі сұрақ қойды, оған өз бетімше жауап бердім. Сол кездегі Елбасының: «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң, жаман болмайсың, өсесің, өнесің» деген сөзі көкейімнен кетпейді. Расында, Елбасының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында біз жұрттың сеніміне ие болдық. Көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Осы күнге дейін мемлекеттен субсидия болмаса, ешқандай несие алмаппыз. Тек өз күшімізді, өз қаражатымызды жұмсап, өз еңбегімізбен осы күнге жетіп отырмыз. Алдымен Аллаға, сосын Елбасымызға мың алғыс. Нұрсұлтан аға бізге үлкен аманат тапсырды, біз оған адалдық таныту үшін барымызды салдық. Осыдан кейін жыл сайын елдің игілігіне әлеуметтік бір нысан салып беру басты мақсатымыздың біріне айналды. Одан кейін де Елбасымен үш мәрте үлкен жиындарда кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар аламын. Жүзінен иманы төгілген Нұрсұлтан ағамен әр жүздесуім мені қатты қанаттандырады. Оның үстіне Елбасының әр жылғы ұсынып отырған бағдары мен Жолдаулары мен тың бастамаларға жетелейді. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылда 40 орынды интернат, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары мен 1941-1945 жылдардағы ҰОС жауынгерлеріне арналған саябақ пен мемориалды тақта орнатып, көптің алғысы мен қариялардың батасын алдық. Жарлысу ауылынан жобалық-сметалық құны 250 млн теңге болатын 92 орынды балабақша құрылысын аяқтап, халық игілігіне ұсындық. Елбасы биылғы Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп бекітті. Енді ауылда үлкен спорттық кешен салу жоспарымызда бар. Ауыл жастарын қолдап, олардың ертеңгі күні ел игілігі үшін еңбек етуіне жол сілтегеніміз абзал. Мысалы біз бүгінде ірілендірілген шаруа қожалығына айналсақ, өз басым аудандағы тағы да 16 шаруашылық қожалыққа қамқорлығымды көрсетіп, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Ал онда еңбек ететін азаматтардың дені – жастар, – дейді Сайрамбай Әліқұлұлы.
Бұдан бөлек Жарлысу ауылында шаруашылықтың жас отбасылы қызметкерлеріне 37 тұрғын үй тұрғызып, малшы балаларына арналған елу орынды интернат кешенін пайдалануға беріп, ауыл адамдарының игілігі үшін 300 орынды асхана, тұрғын үйі, медресе кешені мен зәулім мешіт салып, тау бөктерінде «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру орнын пайдалануға берген жомарт азамат Тараз қаласында ұйымдастырылған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мәдени іс-шараларына үлкен демеушілік көрсетті. Жағдайы төмен отбасыларға, мектеп оқушыларына қолдау көрсетіп, облыс, аудан деңгейіндегі қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, үнемі демеушілік көрсетіп келеді.
Бүгінде «Шәушен» шаруа қожалығының жалпы жер көлемі
26 632 гектарды құраса, оның 10 156 гектары егістік алқабына арналған. Шаруашылық биыл 4 195 гектардан күздік, 3 750 гектардан жаздық арпа жинап алды. Сайрамбай Дөненбаев жаздық арпа мен күздік бидайдың бітік шығуын, жалпы егіннің бойы 1,5 метрге дейін жетуін ауа райының қолайлы болып, көктемгі дала жұмыстарының сапалы жүргізілуімен байланыстырды. Жерлестеріне жұмыс беріп, ел игілігіне атқарылып жатқан жұмыстардың жағымдылығына, тындырымдылығына мән беретін басшы осындай болу керек-ау. Маңдай тердің, әділ еңбектің де бағасын төресін осыдан байқарсыз. Шаруашылық биыл 420 миллион теңгеге 6 бірдей New Holland СХS.90 маркалы су жаңа комбайн алды. Бұл дала кемелері Бельгия және Польша мемлекеттерінде құрастырылған. Сондай-ақ шаруашылық иелігінде бұдан басқа 22 трактор, 12 жүк көлігі, 3 комбайн тағы бар. «Шәушен» шаруа қожалығында еңбек ететін тұрақты 150 жұмысшы орта есеппен айтқанда 130 мың теңге жалақы алып отыр. Маусымдық кезінде 280 адамға дейін еңбек етеді мұнда. Шаруашылықтағы ұсақ мал саны – 52 мыңға, ал жылқы саны 2 620-ға жеткен. Ірі қара тағы бар. Қожалық бүгінде Мерке ет комбинатымен келісімшартқа отырып, араб мемлекеттеріне 8000 бас тоқты етін өткізіп отыр. Мал бордақылау орны мен қасапхана да заманауи талаптарға сай жарақтандырылған. Астана жұртшылығын да жылқы етімен қамтамасыз етіп, онда арнайы сауда нүктесін ашқан. Тараз қаласында қала күні ашылған «Ғибрат» орталығы да – осы Сайрамбайдың жүргізген құрылысы. Онда қымыз жеткізу де түгелімен қожалық мойнында.
– Малды жаныңды жеп бағасың. Бес жасымда әкем отардағы қойды санап үйретті. Бірінші күні онға дейін санадым. Одан кейін тілім сынды ма, жүзге дейін жаңылмай санап үйрендім. Бір айдың ішінде бір-бірінен айнымайтын бір отар қойды жұптап санап, есебімнен жаңылмайтын болдым. Содан бері қанша жыл өтті десеңізші! Кезінде мемлекеттің қойын бағып, жүз қойдан 150-ден қозы алып, алға шықтым. Уақыт өте келе өз шаруамды айналдырдым. Құдайға шүкір, ісім алға басты. Қожалық орналасқан жер – «Сұмқайты» деп аталады. Бұл жоңғарлармен болған жаугершілік заманда дұшпанның бетін қайтарған жер болу керек. Аңыз солай дейді. Яғни, сұм қайтты деген сөз. Осындағы етектегі шалшықты батпақтың емдік киесі бар. Кезінде бойын жара басқан жандар осындағы батпақтан ем алған екен. Таудан арып-азып түскен мал батпаққа аунап қуат алған екен. Енді осы батпақтың емдік қасиетін ел игілігіне ұсыну ойда бар. Таудағы «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру кешенінде батпақпен емдеу қосын жүзеге асырмақпын. Әр істің қайыры, қайтарымы болады, – дейді соңғы бес жылдың өзінде бес миллиард теңгеге жуық қаржыға қайырымдылық шаралар өткізіп, салығының өзімен аудан бюджетін толтырып отырған «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Сайрамбай Дөненбаев.
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы