Жамбыл облысындағы ауылдық округтерде «Цифрландырылған ақпараттық орталықтар» құрылып жатыр — Ел жаңалықтары

0

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында АТ саласын дамытуға баса назар аударып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Бағдарлама аясында Жамбыл облысы әкімінің бастамасымен аудан орталықтары мен ауылдық округтерде «Цифрландырылған ақпараттық орталықтар» құрылып жатыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта 62 елді мекенде ауылдық кітапханалардың базасында орталықтар құрылды, оларда ауыл тұрғындары үшін 1000-нан аса қызмет түрі көрсетілді.

Орталықтар мынадай елді мекендерде орналасқан: (Байзақ ауданының Түймекент ауылдық кітапханасы, Байзақ ауданының Дихан ауылдық кітапханасы, Жамбыл ауданының орталық кітапханасы, Жамбыл ауданының Гродековка ауылдық кітапханасы, Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылдық кітапханасы, Қордай ауданының орталық кітапханасы, Мойынқұм ауданының орталық кітапханасы, Т. Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылдық кітапханасы, Сарысу ауданының Жайылма ауылдық кітапханасы, Талас ауданының Есейхан ауылдық кітапханасы., Шу ауданының Бірлікүстем ауылдық кітапханасы және т. б.).

Әрбір орталық компьютерлермен және интернетпен, сондай-ақ коворкинг аймақтарымен жабдықталған.Орталық мамандары тұрғындарға Еgov.kz электрондық үкіметі арқылы қажетті құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты кеңес береді. Сондай-ақ орталықтың қызметіне сәйкес АӨК, жер қатынастары, білім, туризим, спорт, кәсіпкерлік салалары бойынша ақпараттармен қамтылған zhambyl.cao-zhambyl.kz саиты ашылды. Бұл алыс ауылдардағы тұрғындарға аудан орталығына қатынамай-ақ, қажетті ақпарат алуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және шығындарды азайтып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік бере отырып, ауыл тіршілігін жеңілдетуге септігін тигізеді.

Келесі жылы облысымыздағы 71 кітапхана базасында, сондай-ақ, 209 елді-мекенде ауылдық әкімдіктер немесе орта мектептер базасында «Цифрландырылған ақпараттық орталықтар» құру жоспарланып отыр.

Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында іске асырылып жатыр.


Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz