Жамбыл облысында жол апатынан 11 адам қаза тапқан, 30 адам зардап шеккен
20 сәуір таңғы сағат бес шамасында Жамбыл облысы, Қордай ауданы Алматы — Ташкент бағытындағы трассаның 181-ші шақырымында Toyota көлігі жол жиегінде тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған. Көлік артында келе жатқан автобус аударылған.
«Көлік апатынан 11 адам қаза тапты, 30 адам зардап шекті» деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораздың айтуынша, оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, облыс прокуроры Жарқын Құсайынов, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдай және қорғаныс істері басқармасы өкілдері кеткен.
Көлік апатына байланысты «жол ережесін бұзу» және «көлік құралын басқару ережесін бұзу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мен облыстық полиция департаменті өкілдерінен құралған шұғыл-тергеу тобы құрылған.