Жамбыл облысында сібір жарасына байланысты неге карантин жарияланбайды

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Сібір жарасын жұқтырған төрт адам қазір ауруханада ем алуда, олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сібір жарасы тараған аймақта карантин неге жарияланбай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Карантин жариялау үшін еліміздің бас ветеринарлық дәрігерінің ресми шешімі қажет. Әзірге ветеринария комитеті тарапынан нұсқау болған жоқ. Сондықтан біз өзіміз карантин жариялай алмаймыз», -деді әкім үкімет кулуарында.

Мырзахметовтің айтуынша, сібір жарасын жұқтырған төрт адам ауруханаға жатқызылған.

«Дәрігерлердің мәлімдемесіне сәйкес, қазір олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бір-екі күнде бәрі шығады. Қазір олармен байланыста болған адамдар да тексеріліп жатыр», — деді ол.

Облыс әкімі осы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, заң аясында тиісті шаралар қолға алынғанын атап өтті. Сібір жарасының неден шыққаны әзірге анықталмаған.

16 қыркүйек күні жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Жамбыл облысында төрт адам сібір жарасын жұқтырды деген күмәнмен ауруханаға түскен. Кейін, бұл ақпарат расталды. Төрт адам да Шақпақ ауылындағы шаруа қожалығында мал сойған. Бірақ, қожалықта сібір жарасынан мал жемтігі тіркелмеген соң, карантин жарияланған жоқ.



sputniknews.kz