Жамбыл облысында Өзбекстан азаматы екі әйелді айуандықпен өлтіріп кетті

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Жұрттың жағасын ұстатқан қанды оқиға Тұрар Рысқұлов ауданының Мамай ауылындағы шаруа қожалығында болған

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Жамбыл облысында малшы екі әйелді айуандықпен өлтіріп, өзі ізім-ғайым жоғалды.

Бұл жағдайдан шошып қалған ел-жұрттың сөзінше, қаскөй екі әйелді азаптап, артынан бауыздап тастаған. Ал күдіктінің Өзбекстан азаматы екені айтылуда. Тәртіп сақшылары оны бірнеше күннен бері таба алмай жатыр, деп хабарлады КТК.

Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға Тұрар Рысқұлов ауданы Мамай ауылындағы шаруа қожалығында болған. Екі бөлмелі баспананың ішінде Өзбекстан азаматы екі әйелді бауыздап өлтіріп, мәйітті тапшанның астына жасырған. Ал қазір есіктің аузында қара құлып бар. Қожалыққа тиесілі қора-жай қаңырап бос тұр. Қазір бұл маңда мал да , жан да жоқ. Кәсіпкер қайғылы жағдайдан кейін бәрін көшіріп әкетсе керек.

Ауыл тұрғындары қолы қанға боялған малшы бұл жерде жалғыз тұрған дейді. Ол екі айдан бері мал бағып жүрген. Ал қайтыс болған әйелдің бірі келесі қожалықта аспаз болып істеген көрінеді. Екінші әйел қонаққа келген құрбысы екен. Бірақ бұлардың бір шақырым жерден күдікті тұратын үйге неге барғаны түсініксіз.

Кісі өлтірген азамат қылмыс жасағаннан кейін атқа мініп, ауылға қарай бет алған. Бірақ елді мекенге тоқтамай, ары өткен. Сөйтіп темір жолдың жағасына келіп, жылқысын сол жерге байлап кеткен. Өзі ұшты-күйлі жоғалған. Содан бері одан еш хабар жоқ. Ал полиция қызметкерлері қаскөйді бірнеше күннен бері іздестіріп таба алмай жатыр.  

«Қазір аталған дерекке қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ бірқатар сараптам тағайындалды», — дейді Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі Әнуар Карипсейтов.

Тәртіп сақшылары тергеу құпиялығына байланысты толық ақпарат бермеді. Белгілісі, қазір күдіктіні жан-жақты іздеу жұмысы жүріп жатыр. Ал қашқынның 54 жастағы Өзбекстан азаматы екені расталды. Сондай-ақ, қайтыс болған келіншектің бірі– 50 жаста, екіншісі – 38-де. Бірақ бұлардың отбасы жайында дерек жоқ. Қылмыс Мамай ауылында болғанымен, қаза тапқандар Сарысу ауданының тұрғындары екен.



sputniknews.kz