Жамбыл облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылмайды

0

Жедел штабтың өкілдері кезекті отырыста аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты шешімді күрт өзгертіп, тұрғындарды карантин талабына бей-жай қарамауға шақырады

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Жоспар бойынша бүгін Жамбыл облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылуы тиіс еді. Алайда, өңірде індет жұқтыру жағдайы ушығуына байланысты аталған нысандар іске қосылған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Соңғы күндері аймақта коронавирус індетін жұқтырушылардың саны күрт көбеюіне байланысты (22 мамыр күні – 20 жағдай, 23 мамыр – 10 жағдай) 25 мамырдан бастап карантин шаралары жеңілдетілмейтін болды. Жамбыл облыстық жедел штабы осындай шешім қабылдады», – делінген облыстық әкімдіктің хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде ХҚКО қалай жұмыс істейді?

Өңірде өткен тәулік ішінде індет жұқтырғандардың саны 33-ке жеткен.

Жедел штабтың кезекті отырысында өңірде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға сәйкес карантин шараларын жеңілдету мәселесі қаралды.

«Карантин талабы тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталған. Сондықтан да азаматтарды тиісті шектеулер мен ескертулерге бей-жай қарамауға шақырамыз. 25 мамырға жоспарланған халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы кейінге шегерілді», – делінген жедел штаб мәлімдемесінде.

Бүгінге дейін Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандардың саны 292 адамға жетсе, оның ішінде 171 науқас жазылып шығып, бір адам көз жұмды.

Ал Қазақстан бойынша 8 531 адам індетке шалдығып, 4 352 адам ауруынан айықты. 35 науқас қайтыс болды.



sputniknews.kz