Жамбыл облысында екі әйелді айуандықпен өлтірген қойшының денесі табылды

0

Кісі қолынан қаза тапқан екі әйелдің жақындары қылмысты жалғыз адамның істеуі мүмкін емес деп болжайды

Жамбыл облысының полицейлері екі әйелді асқан айуандықпен өлтірген Өзбекстан азаматының денесін тапты. Бір ай бойы іздеуде болған қандықол қылмыскер асылып өлген, деп хабарлады КТК арнасы.

Ресми мәліметке сәйкес, қаскөйдің денесі оқиға болған ауданнан табылды. Тергеушілер оны жеке заттары арқылы кім екенін анықтаған.

«Жедел-іздестіру шаралары кезінде Тұрар Рысқұлов ауданынан өзіне қол жұмсау белгілері бар мәйіт табылды. Жеке заттарын қарай келе, оның қожалықтағы қылмысты жасаған күдікті екені анықталды. Марқұмның нақты неден қаза тапқанын анықтау үшін бірқатар сараптамалар тағайындалды», – дейді облыстық департаменттің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Айта кетейік, жантүршігерлік қылмыс мамыр айында Тұрар Рысқұлов ауданының Мамай ауылында болған. Таудағы қожалықта бірнеше ай бойы малшы болып жұмыс істеген 54 жастағы Өзбекстан азаматы екі әйелді бауыздап өлтіріп, мәйіттерін тапшанның астына жасырған. Марқұмдардың бірі – 50, екіншісі – 38 жаста.

Оқи отырыңыз: «Кеш қалдыңыздар»: дәрігер қазақстандықтардың ең басты қателігін атады

Қылмыс болған қожалық жергілікті учаскелік полицей мен оның анасына тиесілі болған. Бірақ бұл оқиғадан соң тәртіп сақшысы іле-шала өз еркімен жұмыстан шығыпты. Сондай-ақ, ол жұрттың жағасын ұстатқан оқиға болған жерден бүкіл малын алып кеткен. Ал екі әйелдің жақындары қылмысты жалғыз адамның істеуі мүмкін емес деп болжайды.