Жамбыл облыстық қазақ драма театры туралы мәлімет: тарихы және қызықты деректер

0

Театр қалай құрылды

Жамбыл облыстық қазақ драма театры 1936 жылы Таразда құрылды. Әуел баста Әулиеата театры аталып келген өнер ордасы 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаннан кейін, «облыстық театр» мәртебесін алды. Осылайша Жамбыл облыстық қазақ драма театры деп атала бастады.

1941 жылы соғыс өрті тұтанып, Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыс басталысымен театрдың біраз әртісі – Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов, Әмір Абланов, Хакім Нарбутин, Есқали Бәйімбетов, Тәжімет Әлмұхамедов, Сәдуақас Ирғалиев және тағы басқалары қан майданға аттанды. Олардың ішінде, соғыс кезінде М.Сәкиев – пулеметшілер ротасының командирі, С.Ирғалиев – атқыштар дивизиясы саяси бөлімінің офицері, Т.Әлмұхамедов – «Қызыл әскер правдасы» газетінің әскери тілшісі болды.

Тағы оқыңыз: Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

1965 жылы театр 1904 жылы салынған ескі театр үйінен қазіргі Тараз қаласы, Абай көшесі, 115 мекенжайында орналасқан жаңа ғимаратқа көшті.  Бұл театр өміріндегі үлкен жаңалық болды. Театрдың жаңа ғимараты облыстың мәдени-бұқаралық шаралары мен мерекелері өтетін ең басты өнер шаңырағына айналды.

Қаладағы мәдени-ағарту училищесін бітірген бір топ түлек театрдың жаңа ғимаратында салтанатты түрде актерлік жұмысқа қабылданды. Олардың ішінде сол кездегі жалын атқан жас таланттар: Гүлбаршын Өскенбаева, Ахмет Өтебаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, Мәкен Райсханова, Жұмасан Дүйсекеновтер бар еді.

Өнер ордасына еңбегі сіңген бас режиссерлер

1940 жылдың басында Жамбыл театрына Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы өнер институтының актерлік студиясын тәмамдаған Әбубәкір Ордабаев бас режиссер қызметіне шақырылады. Ордабаев оның алдында республикалық академиялық театрда екі жылдай жұмыс істеп, біршама тәжірибе жинақтап қалған өнер иесі болатын. Оның Жамбыл театрында ең бірінші қойған пьесасы – А.Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермес» комедиясы болды. Бұл Жамбыл театрында сахналанған орыстың тұңғыш драматургиялық туындысы еді.

1941 жылы Украина, Беларусь, Ресей жерінен Жамбыл қаласына талай адам эвакуацияланды. Сол көшпен бірге жоғары білімді украиналық режиссер Борис Аренович Лурье де келді. Ол бірден Жамбыл театрының бас режиссері болды. Соғыстың алғашқы жылдарында мемлекеттік еврей театры да өзінің барлық шығармашылық ұжымымен бірге Киевтен Жамбыл қаласына көшіп келеді. Олар Жамбыл облыстық қазақ драма театры ұжымымен бірге бір ғимаратта отырып, өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Жамбыл театрының шығармашылық әлеуетінің өсіп-өркендеп, артуына сол театрдың да көп септігі тиді.

Кәсіби режиссер Б.Лурье келгеннен кейін Жамбыл театрында шетел, орыс және қазақ классиктерінің шығармалары көптеп сахнала бастады.

1946-1950 жылдары театрдың бас режиссер – көркемдік жетекшісі болып Ғайни Хайрулинна қызмет атқарды. Хайруллина бас режиссер болған жылдары театрда А.Островскийдің «Ыстық жүректер», М.Горькийдің «Васса Железнова», Л.Леоновтың «Шапқыншылық», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», Ш.Құсайыновтың «Көктем желі», өзбек драматургтері Хамза Хаким заденің «Майсараның ісі», А.Каһардың «Жібек сюзане», түрікмен драматургі П.Мұқтаровтың «Алланың семьясы» сияқты пьесаларды сахналады.

1950-1955 жылдары театрдың бас режиссерлік қызметі Ташкент өнер институтының режиссерлік факультетін бітірген Тұрар Дүйсебаевқа бұйырды. Ол қазақтың тарихи және эпостық музыкалық шығармаларын қайта жаңғыртумен қатар, бауырлас өзбек, әзірбайжан, қырғыз, татар драматургтерінің таңдаулы шығармаларын қоюға да ден қойды.

1954 жылы Дүйсебаев Жамбыл театры тарихында тұңғыш рет балаларға арналған ертегі қойылымын сахналап, көрермендер қатарын балалар мен жасөспірімдермен толықтырды.

1956 – 1960 жылдары театрда Тілек Ерғалиев бас режиссерлік қызмет атқарды. Оның кезінде киелі орданың сахнасында В.Маяковскийдің «Кандала», М.Әуезовтің «Қаракөз», «Еңлік-Кебек», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» және тағы басқа драмалары қойылды.

1960 – 1964 жылдары театрдың бас режиссері Ленинградтағы театр өнері институтының режиссерлік факультетін бітірген Мен Дон Ук болды. Оның келуімен Жамбыл театрының шығармашылық жетістіктері жаңа сатыға көтеріледі.

Тағы оқыңыз: Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры

1964 – 1966 жылдары театрда Рашида Шарафутдинова бас режиссер болып еңбек етті. Ол 1966 жылы театрдың 30 жылдығына орай Алматыға гастроль ұйымдастырып,  А.Островскийдің «Жазықсыздан жапа шеккендер», М.Әуезовтің «Қаракөз», Ш.Құсайыновтың «Тоты-Тамилла», Ә.Әбішевтің «Белгісіз батыр», А.Каһардың «Табыттан шыққан үн» драмалары алматылық көрермендерге жол тартты.

Киелі өнер ордасында Асқар Тоқпанов бас режиссер болған 1967-1971 жылдары театр үлкен белестерге көтерілді. Ол бас режиссер әрі театрдың көркемдік жетекшісі қызметінде болған үш-төрт жыл ішінде Жамбыл театрында «Тоқпановтың өнер мектебі» қалыптасты деп батыл айтуға болады. Бас режиссер театрға 20-ға жуық арнайы кәсіби білімі бар актер мен актрисаларды жұмысқа қабылдап, театрдың шығармашылық ұжымын биік дәрежеге көтеруге жол ашты.

Тағы оқыңыз: Назарбаев: Домбыра – қазақтың бренді мен паспорты

Тоқпанов 1969 жылы бас режиссер қызметін атқарып жүргенде, сол уақытта 2 курста оқып жүрген Тұңғышбай Жаманқұловтың «актерлік өнердің хас тұлпары болатындығын» алыстан танып, Тұңғышбайдың әке-шешесінің алдына қайта-қайта барып жүріп, ризашылығын, оны тұңғыш рет Жамбыл театрының сахнасына шығарған еді.

1971-1972 жылдары театрдың бас режиссері қызметін Құрманғазы атындағы өнер институтының режиссерлік бөлімін бітірген Жақып Омаров атқарды. Омаров аз ғана уақыт ішінде С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» пьесасы мен Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» комедиясын қойып, өзін ізденімпаз, қолтаңбасы бөлекше режиссер ретінде танытты.

1972-1976 жылдары белгілі өнер майталманы Маман Байсеркенов театрдың бас режиссері болды. Маман Байсеркенов Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Көктебедегі кездесу» атты психологиялық драмасын республика театрлары арасында алғашқы болып Жамбыл театрының сахнасына шығарғанын айта кету керек.

1976-1982 жылдары театрдың бас режиссері қызметін Аманжол Сәлімбаев, 1982-1989 жылдары Ерғали Оразымбетов атқарды.

1989-1995 жылдары бұл қызметке Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының режиссерлік бөлімін бітірген Асқар Дүйсебаев келді. Одан кейін талантты режиссер әрі белгілі актер Оразхан Кенебаев бас режиссер болды.

1998 жылы театрдың бас режиссері қызметіне Қуандық Қасымов тағайындалды. Қасымов бұл қызметте он жылдан аса уақыт жұмыс істеді. Ол театрда бас режиссер болған жылдары табысты да жемісті еңбек етіп, сахнаға әр түрлі жанрдағы ондаған жаңа қойылым әкелді.

Тағы оқыңыз: Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры

Ал одан беріде, 2011-2014 жылдары театрда Камат Қасенов, Әлия Баймаханова сынды режиссерлер көркемдік жетекші қызметін атқарып, театр репертуарының жақсара түсуіне еңбегін сіңірді.

Жамбыл театрында, сондай-ақ, әр кездері көптеген белгілі режиссердің айшықты қолтаңбасы қалған. Олардың қатарында белгілі қырғыз режиссері Бообек Ибраев, қазақтың беткеұстар өнер дарабоздары Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұхан Обаев, Нұрқанат Жақыпбаев, талантты режиссерлер Әскер Құлданов, Шопан Кәрібаев, Тастан Өтебаев, Мұрат Бекхожин, Алтынбек Оңалбаев, Мұрат Ахманов, Болат Ұзақов, Рүстем Жаныаманов және басқа да көптеген режиссерлер бар.

Театрдың шығармашылық ұжымы

Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды дарынды өнер иелері қызмет етті.

1947 жылы театрға Алтын Ружева, Бақтыораз Саршаев, Қасымхан Қайсабаев секілді талантты жастар келіп қосылды. 1950-1960 жылдары театрдың шығармашылық ұжымы Гүлжарқын Сәдібекова, Жорабек Шүленбаев, Қанипа Ерғалиева, Оразғали Әбділманов, Мақсұт Салықов, Нұрсифат Салықова, Әтіркүл Дүйсекенова, Гүлбаршын Өскенбаева, Әлібек Әмзеев, Төлентай Жүршиев, Сара Рахманқұлова, Әуесхан Шәймерденов секілді өнер иелерімен толықты.

70 жылдары Жамбыл театрына Мәкен Рахымжанова, Қарабай Сатқанбаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, Несіпкүл Омарбекова, Атахан Әпсаматов, Мағзом Бақытжанов, Үмбет Әлжанов, Құрақ Оразбаев, Шалқия Ақжолова сынды жас актерлер мен актрисалар жұмысқа келді.

Тағы оқыңыз: «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры

1972 жылы театрға Қазақ ССР халық артисі Әзірбайжан Мәмбетов арнайы шақырылды. Оның режиссерлік етуімен Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» спектаклі сахналанып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

1978 жылы театрдың актерлік құрамы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітірген Болат Бекжанов, Галина Қойшыбаева, Дастан Аюпов, Жақсыбек Юсупов, Әбиірбек Тінәлиев, Гүлсім Сариева, Көпесбай Бейсембаев сынды бір топ жас өнер иесімен толықты.

1984 – 1985 жылдары театр труппасына талантты мамандар Қуандық Қасымов, Жүніс Әлімбеков, Шопан Кәрібаевтар қосылды.

Театрдың марапаттары

Жамбыл облыстық қазақ драма театры әр жылдары Польша, Мысыр, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Татарстан, Румыния және тағы басқа елдерде театр фестивальдарына қатысып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты атанған.

1957 жылы театр ұжымы республикада тұңғыш рет өткізілген «Театр көктемі» атты республикалық байқауға К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» спектаклімен катысып, (қоюшы режиссері Әзірбайжан Мәмбетов) осы байқаудың бас дипломанты атанды.

А.Тоқпановтың Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналаған қойылымдары ішінде Н.Погодиннің «Кремль куранттары» драмасы бойынша қойған спектаклі 1970 жылы Бүкілодақтық театр фестивалінің лауреаты болды.

1980 жылы театр ұжымы «Шаншар атай» спектаклімен балалар мен жасөспірімдерге арналған Бүкілодақтық байқауға қатысып, бас дипломант атанды.

1981 жылы театр ұжымы Алматыда өткен шығармашылық жастардың республикалық «Жігер» фестиваліне «Отелло» спектаклімен қатысып, театр ұжымы фестивальдің бас дипломанты атанды.

1997 жылдың 19-26  қыркүйегі аралығында театр ұжымы Алматыда өткен  V «Театр көктемі» республикалық театр фестиваліне «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклімен қатысып, бас жүлдені иеленді.

2003 жылы Бішкекте өткен Орта Азия республикалары мен Ресей театрлары қатысқан І халықаралық «АРТ-ОРДО» фестивалінде «Заман талабына үндес қойылым» номинациясының дипломанты атанды.

2005 жылы театр ұжымы Қызылордада өткен ХІІІ республикалық театр фестивалінде Г.Гориннің «Атың өшсін Герострат!» трагикомедиясы үшін Н.Бекежанов атындағы тағайындалған ерекше жүлдені жеңіп алды.

Тағы оқыңыз: Құлақтан кіріп, бойды алар… Қазақ музыкасы Мәскеу халқын тәнті етті

2009 жылы Қарағандыда өткен республикалық театр фестивалінде жүлдегер атанды.

2009 жылы Жамбыл театры өз тарихында алғаш рет алыс шет елде өнер көрсету құрметіне ие болды. Мысыр астанасы Каирде өткізілген дүниежүзілік эксперименттік театр фестивалінде бақ сынап, әлемнің 38 елінен жиналған 60-тан аса театр ұжымы арасынан дипломант атанды.

2013 жылы театрға «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты халықаралық театр фестивалінің бас жүлдесі бұйырды.

2017 жылы драма театры басқа қалалар мен шет елдерде өткен театр фестивальдеріне барып қатысты. Қалалар мен аудандарға гастрольдік сапармен шықты.

2017 жылы Румынияда өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымы арасынан топ жарып, «Ең үздік қойылым» және «Ең үздік театр» номинациялары мен бас жүлдені жеңіп алды.

83 жылдық тарихында театрдан 3 Қазақстанның Халық артисі, 23 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 2 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1 ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 12 Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, 5 ҚР Мәдениет саласының үздігі, 10-ан аса халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаттары, бірнеше Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, сонымен қатар, көптеген орден-медальдардың иегерлері шықты.

Театрда қандай қойылымдар сахналанды

Бүгінде театрдың репертуарында 30-дан аса қойылым бар. Оның ішінде еліміздің, сондай-ақ, шетел классиктерінің жұртшылыққа кеңінен танымал туындылары жетерлік.

1944 жылы Лурьенің режиссерлік етуімен Жамбыл облыстық қазақ драма театрында М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысы» қойылды.

1948 жылы бас режиссер Ғайни Хайруллина мен кезекші режиссер Жәнібек Арғынбаев театр сахнасына Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысын» дайындап қойды.

Сонымен қатар театр сахнасында Ш.Құсайыновтың «Кеше мен бүгін», «Біздің Ғани», Ә.Әбішевтің «Менің әкем кім?», З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», Н.В.Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес», Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер», М.Әуезовтің «Қаракөз», Д.Исабековтің «Әпке», А.Петрашкеевичтің «Дабыл», Ш.Елеукеновтің «Емтихан», Ш.Мұртазаның «Қара маржан», Қ.Мұхамеджановтың «Қайдасың сен, Хайдарбек» атты пьесалары сахналанды.

1980 жылы режиссер Тұрар Дүйсебаев Жамбыл театрының сахнасына ұлы драматург В.Шекспирдің «Отеллосын» тұңғыш рет дайындап қойды. Спектакль өте сәтті шығып, оны көрермен қауым зор ризашылық сезіммен аса жылы қабылдады.

М.Байжиевтің «Құдалар», Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні», Б.Әбілдаевтың «Мырза Мұхамед Хайдар», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Д.Исабековтің «Пері мен періште», Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», А.Бекбосынұлының «Мен – Суханбайдың ұлы Ағаділ», Е.Әлімжанның «Жанұран», Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Бизнес шал», М.Хасеновтің «О, махаббат!», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», Е.Уахитовтың «Алтын дуал», В.Шекспирдің «Ричард-ІІІ» қойылымдары мен балаларға арналған ертегілер табысты қойылды.

Театрды кімдер басқарды

Театрдың тұңғыш директорлары Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедовтер болса, театр ұжымын одан беріде әр жылдары Сәдуақас Ирғалиев, Әбіл Төлебаев,Тұрар Дүйсебаев, Әлібек Әмзеұлы, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматов, Талғат Сұлтанбеков, Сыпатай Өсербаев, Талғат Сұлтангереев, Құрманғазы Демешов, Қуандық Қасымов, Асқарбек Сейілхан, Ғани Садырбаев және тағы басқалары басқарды.

Театрдың 2014 жылдан бергі қазіргі директоры – ақын, драматург-жазушы, әрі театртанушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Болат Бекжанов.  Көркемдік жетекшісі – талантты актер әрі режиссер, халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаты Мәлік Ақүрпеков.



sputniknews.kz