Жамал Жаманбаеваның денсаулығына байланысты жақтастары Антикор басшысына хат жазды

0
155
ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Агенттігінің төрағасы М.М. Ахметжанов мырзаға
Құрметті  Марат Мұратұлы!
Осы хатты өзіңізге үлкен үмітпен жолдап отырмыз. Хат Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы – Жамал Жаманбаеваның тағдырына қатысты. Ол осы жылдың 30-шы қаңтарында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан күдікті ретінде 2 ай мерзімге қамауға алынды. 30-шы наурызда тергеу амалдары тағы 1 айға ұзартылды. Оған тағылған айып 361-ші баптың 4-ші бөлімі 3-ші тармағы. Мәселе, өткен жылы тамыз айында басқарма тарапынан сатып алынған 3 рентген аппаратына қатысты, 63 миллионнан астам қаржы жөнінде. Осы ретте тергеу ісіне қарсылығымыз жоқ.
 Сізден екі жағдайға назар аударуыңызды өтінеміз:
Бірінші, Ж.Жаманбаеваның өткен жылы мамыр айының соңғы күндері қызметке тағайындалып, тамыз айында пневмониямен емханада жатқандығын, қазір де жағдайының мүшкіл екендігін айтқымыз келеді. 31-ші наурыз күні ол изолятордан ауыр жағдайда ауруханаға реанимацияға түсті, жүрегіне ота жасалды. Арада бірер күнде қайта қамалды. Бұрын істі болмаған қоғамға қауіпсіз екенін, кәмілетке толмаған балалары бар АНА екенін ескерсеңіз.
Екінші, қылмысқа негіз болып отырған мед.аппараттар облыстық Мәслихаттың шешімімен, облыс әкімшілігінің нұсқауымен алынғандығы. Осы  жөнінде әкімшіліктен бұйрық түсірген аудио, видео деректер бар. Негізінде, Сіздің құзырлы органыңыз осы басқармаға соңғы 20 жылға түбегейлі аудит жүргізсе көп жағдайдың беті ашылар еді.
Құрметті Марат Мұратұлы!
Сізді бүкіл ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған жауапты басшы ретінде, ұл-қыз тәрбиелеп отырған Әке ретінде, Маңғыстау елінің құрметіне бөленген үлкен абырой иесі – Жамал Жаманбаеваның тағдырына назар аударуыңызды, тергеу шараларын үй қамағына ауыстыруға ықпал етуіңізді сұраймыз. Себебі, бұл жағдай аймақта үлкен резонанс туғызып, көптеген аналардың Астанаға шеру жасауына түрткі болып отыр.
Маңғыстау жұртшылығы атынан:                «Үш Қиян» баспасының директоры,
                                                                          журналист Махмұт Қосмамбетов,
                                                                          ф.ғ.д.,академик Жұмат Тілепов,
                                                               «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау
                                                                           өңірлік тілшісі Гүлай Дәуітбаева,
                                                                           ақын Нұргүл Маулина.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету