Жалындап өткен жыр-ғұмыр

0
200

Осыған орай «Астана» концерт залында Астана қаласы Мемлекеттік академиялық фи­­лармониясының ұйым­дас­­тыруымен ақынды еске алу­ға арналған «Мен жалындап өтемін» атты музыкалық әдеби кеш өтті.

«Елордада 1998 жылдан бастап халықаралық шы­ғармашыл жастардың «Ша­быт» фестивалі өтіп келе­ді. Сонда әр жыл сайын елі­міздің түкпір-түкпірінен ке­ліп, Астанада бас қосқан бар­ша бозбала ақын мен өрім­тал қыздар Фариза апамыздың алақанының жылуын сезінді, мейірім құ­шағына бөленді. Ақын апамыз сол жастарды жанына жинап алып, өлеңін тыңдап, елорданың төрінде бір жұма еркелетіп, өзі дастарқан жайып қонақ қылатын. Соны қазір қазақ поэзиясындағы жо­лын тапқан ақындардың бар­лығы әлі күнге дейін ыстық сағынышпен еске алады. Ал ол жылуды сезініп үлгермеген жас қаламгерлердің көңіл түкпірінде үлкен өкініш қалды. Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай Астана қаласынан бастау алған бүгінгі шығармашылық кеш ақын апамыздың өлмейтін ғұмыры деуге болады», деді жастар атынан сөз алып, әдеби кештің шымылдығын ашып берген Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

Өлеңін өмір бойы аялап өткен ақын Фариза Оңғар­сынова өзінің отты жырымен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сезім жылуымен де, мейірім қуатымен де оқыр­манының жүрегінен мәңгілік орын таба білген қазақ поэ­зиясындағы дара құбылыс. «Фариза Оңғарсынова азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып тебіреніп, періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған аса сирек лирик. Лириктердің көбіне соның бірі жетсе, бірі жет­пейді. Ал бұл ақынға адамдық кескіндемеге жататын бар­лық сезім гаммасының ұрым­тал тұстарын ұтымды бейнелеу соншалықты оңай, сон­шалықты жеңіл. Дүние шексіз, өмір шекті. Бұл түп қиянаттың тү­бегейлі есесін келте өмір сү­ріп, кесекті ғұмыр кешетін тек осындай ересек талант, ерен өнермен ғана қайтара алмақшымыз. Ендеше, Фари­за еріксіз бас идіреді», деп та­­лант табиғатына тамсан­ған сұңғыла суреткер Әбіш Кекіл­баевтың берген бұл баға­сы ақынның күллі шығар­машылық қарымына өлшем болатындай.

Оның айқын дәлелі поэ­зия патшайымының өлең­де­рін бүгінде күллі қазақ ба­­ласы сү­йіп оқып, жатқа ай­тады. Фа­риза жырымен ауы­з­данып, Фа­риза өле­ңі­­мен ержеткен жа­лынды жас­тарымыздың қарасында шек жоқ. Себебі ақынның өлеңдерінде жү­ректің сырлы пернесін дөп басатын ұлт­тық рух, мөлдір махаббат, нәзік лирика, шек­сіз сағыныш бар. Сол сыр­шылдық талай сазгердің шабытына қанат байлап, небір сұлу әндерді өмірге әкелді. Шы­ғар­­машылық кеште орын­далған «Айналайын, Ора­лым», «Қимастарым», «Ма­хаб­бат оты сөнбейді» сынды Фариза Оңғарсынова өлеңіне жазылған әндер мен ақын рухына арналған күм­бірлі күй­лер соның айғағы. По­эзия па­дишасының отты жыры оқы­лып, әсем ән мен рухты күйден шашу шашыл­ған концерт ақынын сағынып кел­­ген ойлы оқырманына ес­тен кетпес әсер сыйлап, тың­дау­шысын рухани қанат­тан­дырғаны сөзсіз.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/