Жалпы өңірлік өнім 1 трлн 103,9 млрд теңгені құрады

0

Бұдан өзге, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері.

Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн. 103,9 млрд. теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 103,9 % құрады. Көптеген кәсіпорындардың қуатын арттырып, технологиялық процесті модернизациялаудың арқасында өнеркәсіп секторының орнықты дамуына қол жеткізділді. Бұл жөнінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев халық алдындағы кезекті жылдық есеп беру жиынында мәлімдеді.

«2018 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 453,8 млрд. теңгені құрап, 43,1 млрд. теңгеге өскен. Өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Мұнда 236,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 13,7 млрд теңгеге артты. Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 10 жоба іске асырылып, 800-ден аса жұмыс орны ашылды. Биыл индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 11,9 млрд.теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Былтыр облыстың инвестициялық климатын жақсарту үшін Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласында 1338 гектарда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 130 804. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орында.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 2018 жылы 6 млрд. теңгеге 1 292 жоба қаржыландырып, 1 403 жұмыс орны ашылған болатын. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 4,5 млрд. теңге бөлініп, 456 жоба қолдау тапты. Былтыр облысқа 288,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «TURKISTAN INVEST» компаниясы құрылып, қазір 1 млрд. 147 млн. АҚШ долларын құрайтын, 14 000-нан астам жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін 24 ірі инвестициялық жоба қолдау табуда. Сондай-ақ, Түркістанда алғашқы рет «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік Форум өтті. Атқарылған шаралардың нәтижесінде жеке инвестиция көлемі 166 млрд. теңгеге жетіп, өсім 114,2% құрады.

Бұдан өзге, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері. Өткен жылы 542,8 млрд теңгенің өнімі ауыл шаруашылығы саласында өндіріліп, өсім 105,3 пайызды құраған. Экспорттың көлемі 180,9 млн. АҚШ долларға жетіп, 20,2 млн. долларға артты. Оның ішінде, былтыр Қазақстандағы ет экспортының 54 пайыздық үлесі Түркістан облысына тиесілі болып, республикада 1-орынға шықты.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz