Жалғызбасты әке: Сендерді кім туды десе, папа туды дейді
Еуразия бірінші арнасындағы «Сенбілік жаңалықтардың» бұрынғы шығарылымында жертөледе төрт баласымен жан баққан жалғызбасты әкені көрсеткен болатын. Әйелі өзгемен көңіл жарастырған соң, ұл-қызына өзі бас-көз болған азаматтың жағдайына қанық болған жомарт жандар арнаға хабарласты.
Қайырымдылық эстафетасы жаңа маусымда өз жалғасын табуда. 1 апта бұрын тұрмысы төмен отбасының жағдайын көрсеткен болатын. Сол отбасыға көмек қолын созғысы келетін эстафетаны жалғастырушы колледж директоры Ляззат Мұратқызы.
Сүйген жарсыз әке, ана мейірімінсіз өсіп жатқан балалар. Елордаға үлкен үміт арқалап келген бұл отбасы жертөленің бір бөлмесін 45 мың теңгеге жалдап тұрады.
Мейірімді әке, бақытты балалар. Сырт көзге еш мінсіз көрінер. Бірақ жандары жаралы. Көздерінде мұң бар. Айтылмаған сыр бар. Көкейді кернеген сұрақ тағы бар. Кімді күтеді? Қашан келеді? Бәлкім келер, бәлкім келмес. Ал үміт үзілмес.
— Ақерке, сенің мамаң есіңде ме? Қандай еді анаң? Сағынасың ба?
— ия, сағынамын.
— Саған хабарласып тұрады ма?
— жоқ.
— Қашан көрдің соңғы рет?
— …
— Көп болды ма көрмегеніңе? Есіңде жоқ па?
— мхм…
Әрине, ойын баласы ғой. Естерінде қайдан болсын? Көздері айтып тұр, айта алмаған жауапты.
АЙТАН МҰҚАШЕВ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ:
«Қолым бос уақытта осылай үй жинап, киімдерін жинап, сөмкелерін жинап, оқу-құралдарын дайындап қоямын».
Әке — асқар тау деп жатамыз ғой. Тапқан-таянғанын, бары мен нәрін беріп, балаларын қолынан келгенінше бағып қағуда.
АЙТАН МҰҚАШЕВ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ:
«Енді жылағың келеді. Сендерді кім туды десе, папа туды дейді».
ЛЯЗЗАТ МҰРАТҚЫЗЫ, КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:
«Сіздердің байлықтарыңыз осы балаларыңыз ғой. Сіздер сияқты кішкентайлы бола алмай, нәрестелі бола алмай, балалы бола алмай жүргендер қаншама. Соған қарағанда шүкір. Балаларыңыз да жақсы екен. Сіздерге бір келейік. Біз енді мына бағдарламаны естігеннен кейін, көргеннен кейін отыра алмадық. Қолдан келгенше келіп, осылай төбемізді көрсетіп кетейік де. Сіздер жалғыз емессіздер. Айналайын, балаларыңыз да әйбат екен, өздеріңіз де…»
Жақсы сөз жараны да жазады. Қыз бала ғой. Бәрін зерделеп, жүрекпен қабылдайды. Түсінеді. Ляззат апайымыздың бірауыз жылы сөзі жүрегіне үміт ұялатқандай.
Ертең төртке толады. Ертең туған күні ме? Ертең саған торт алып келеміз онда. Туған күн тойлаймыз.
Бұл кішкентай үйдің кенжесі. Анасы тастап кеткенде небәрі 7 айлық құндақтағы бала еді. Қазір жасы 4-те. бірақ тілі әлі анық шықпаған.
— бір ренішің бар ма анаңа? Ренжисің бе кейде?
— мхм.
— Камераға қарап анаңа ішіңде жүрген нәрсеңді айтшы…
Жоқ. Айта алмады. Кейде үнсіздіктен артқан ауыр сөз жоқ. Ал әкелері
АЙТАН МҰҚАШЕВ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ:
«Не айтамын қазір енді? Балалар уже өсті, 3 жыл болды онсыз тұрып жатырмыз. Басқа не айтайын енді? Аман болсын қайда жүрсе де».Әрине, өзгеге бақыт тілей жүріп, біз өз бақытымызды табамыз. Дегенмен ананың аялы алақаны мен ыстық құшағына жететін бақыт бар ма? Айтпақшы, уәдемізді орындадық.
Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің деген. Көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіріп, қайырымды істі жалғасытырғыларыңыз келсе біздің редакциямызға хабарлассаңыздар болады.
8 (7172) 75 73 29