«Жалғыз адам ешнәрсе істей алмайды»: Зағипа Балиева Аружан Саинның тағайындалуына қатысты пікір білдірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Парламент мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева ертең Алматы облысы мен Талғар ауданы жастарымен бірге Нұр-Сұлтанға жолға шығуға дайындалып отырғанын айтады. Олардың елордаға сапары жаңа тағайындалған экология министрінің жоспарлаған акциясымен байланысты болмақ, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

коллаж

Сурет: instagram.com/aruzhan_sain, L’Officiel Kazakhstan

«Балалар және жастармен бірігіп, министрді қолдауға бара жатырмыз. Сондай-ақ, осы сапар барысында Алматы облысының жігіт қауымы министрмен кездесіп, өзінің шешімі туралы айту үшін бармақ. Бұдан өзге, Құдай қаласа, 26 шілдеден бастап Алматы облысындағы өзендерді тазалауға кірісеміз», — деді ол. 

Бүгінде депутат «Асыл бала», «Жасұлан» сынды қор және ұйыммен бірігіп, бұрынғыдай балалар мәселесін ретке келтірумен айналысып жүр. Алдағы уақытта да балаларды қорғау мәселесімен айналыса беретінін жасырмады. Осы орайда, күні кеше Қазақстандағы балалар құқығын қорғау уәкілі болып тағайындалған Аружан Саинға қатысты да пікір білдірді. 

«Баланы қорғау жұмысы өте күрделі әрі мемлекетке қажет. Түрлі ақпарат көзінен қоғамымызда балаларға қатысты қаншама проблема бар екенін жақсы білесіздер. Оларға көмектесіп, қорғап, оларды жақсы көруіміз керек. Менен кейін Сәуле Айтпаева болды, енді орнына Аружан Саин келіп отыр. Жалғыз өзіміз ештеңке істей алмаймыз. Расымен де, бұл істің жүгі ауыр. Сол себепті, оған қоғам да, мемлекеттік органдар да атсалысуы керек. Тек қорғап қана қоймай, балаларды шын жүрекпен жақсы көру керек», — деді ол. 

Әрі қарай Зағипа Балиева журналистің «Бұл істі Аружан Саин атқара ала ма?» деген сауалына «Оны уақыт көрсетеді» деп жауап берді. Десе де, бұл қызметке шын жанашыр жанның келіп отырғанына қуанышты екенін жасырмады. 

«Бірақ біздің Қазақстанымыздың балаларын қорғап, олардың жағдайы жақсы болып жатса, тек қуанатын боламын. Балалардың қамын бәріміз ойлайтынымыз сөзсіз. Егер осы істі атқарып, қолынан келіп жатса, бәріміз қуанамыз. Жалпы мұндайда қызметке тағайындалып, қолға портфельді алып алған соң, жұмысқа қолым жетті деп отырып алуға болмайды. Адам баласында мұндай мақсат болмауы тиіс. Тағы да қайталаймын – адам жалғыз өзі ештеңке істей алмайды. Бұған бүкіл қоғам, мемлекеттік және жергілікті органдар араласып, бәріміз де қолдауымыз қажет», — деп қорытты сөзін Зағипа Балиева.



stan.kz