Жалдама ауылында қарапайым отбасы айына 4 млн тауып отыр

0

Ауылда отырып-ақ миллиондап табыс табуға болады. Ол үшін тек жүйрік интернет, ынта мен ниет болса болғаны. Қостанай облысының шалғай ауылында тұратын Жұмағаливтер отбасы әлеуметтік желінің игілігін игеріп, айына 4 миллион табыс тауып отыр деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.

Қостанай облысының Жалдама ауылында 50 шақты отбасы өмір сүріп жатыр. Елдімекендегі негізгі табыс көзі — мал шаруашылығы. Осыған қарамастан Жұмағалиевтер отбасы замануи трендтерді игеріп, тәуір кіріс көріп отыр. Телеарна мәліметінше, шалғай ауылдағы шағын шаңырақ әлеуметтік желі арқылы айына 4 миллион ақша табады.

«Қазіргі уақытта Сізде жақсы интернет пен смартфоныңыз болса, сіздің қолыңыздан келетін нәрселер фантазияңызбен ғана шектеледі. Осындай шағын ауылда тұрып, барлық әлем танитын, әлем көретін видеолар жасауға болады», — деді Асланбек Жұмағалиев. 

Жалдама ауылының тұрғыны алғашқы миллионын 21 жасында тапқанын жасырмады. Оның сөзінше, сол уақытта Youtube желісіне 1 сағатын бөліп, 10 минуттық танымдық видео дайындаған. Қазір Асланбектің қолданыстағы каналына 1 миллион адам жазылып үлгерген екен. Әлемге әйгілі желі Асланбектің еңбегін елеп, күміс батырмасын сыйға тартқан.

«Қазақстандағы танымал блогерлердің біріне Instagram, Youtube парақшаларын дамытуға көмектестім. Сөйтіп уақыт өте келе ойладым. Неге мен біреулерге көмектесіп жүрмін, бірақ өзім неге сонымен айналыспасқа деп. Сөйтіп 2019 жылы өзімен канал ашып, 1 жарым жылда 1 миллион «подписчик» жинадым», — деп ағынан жарылды Жалдамалы аулының тұрғыны. 

Ол ауылдағы интернеттің әлсіздігі ғана аздаған кедергісін келтіретінін жеткізді. Алайда «ниет болса, еш нәрсе кедергі емес» дейді Асланбек.

Оның анасы Анар Қожахметова да Youtube желісінде білгенімен бөлісетінін алға тартты.

«Ұлым Асланбектің айтуы бойынша, ана үйде отырып та ақша табуға болады. Сүйікті ісіңізбен айналысқыңыз келсе, жасаған тамақтарыңызды күнде видеоға түсіріп отырасыз да, солай болады дегеннен кейін таныстарым, достарым тамақтарымды мақтап жатады. Басында қорқыныш болды, ыдыстарым онша емес, қаладағыдай асханам жоқ деп ыңғайсыздандым. Бәрі шынайы, шынайылықты жақсы көреді», — деді ол. 

Қазір желі қолданушылары жылтыраған өмірден жалығып, барынша шынайылыққа бет бұруда. Сондықтан да Жұмағаливтер осы бағытты ұстанған. Дубайдағы демалыста жасалған контенттен қарағанда, қора-қопсыда сиыр сауып жүрген видеолар көп көрілім жинайды, дейді олар. Ауылға сыйлық жанұя сонымен қатар интернет арқылы ақша табамын деп, жеңілдің үсті, ауырдың астымен жүруді әдетке айналдырмауға кеңес берді.