Саясаттанушы: Адам құқықтарының бұзылуын жасыра алмайтынына Назарбаев-Тоқаев режимнің көзі жетті

0

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформа туралы уәдесі сөз жүзінде ғана қалып, қазіргі билік әлі күнге бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалынан шыға алмай отыр дейді.

Бұл туралы «Азаттық Радиосы» хабарлады.

«Менің ойымша, бұл мәселені екіге бөліп қараған дұрыс болады. Бірінші жақында Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуына орай Еуропарламент резолюция қабылдады. Ол резолюцияның Ақорданың да, кітапхананың да — жалпы режимнің шамына қатты тиген болуы мүмкін. Сол себепті бүгінгі Тоқаев мырзаның көңілінен шықпаған шетелдіктер — бұл Еуропарламент депутаттары, адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдар, белсенділер және тәуелсіз шетелдік медиа болуы мүмкін.

Екіншіден, Назарбаев режимі — Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде өзінің сыртқы имиджіне қатты көңіл бөлетінін жақсы білеміз. Ол үшін бюджеттің есебінен қаншама форумдар, конференциялар өтті — Қазақстанның имиджін көтеру үшін және Қазақстанның Тұңғыш президентінің имиджін көтеру үшін. Көзбояушылық имидждік іс-шаралар арқылы адам құқықтарының бұзылуын халықаралық ұйымдардан жасыра алмайтынына бүгін режимнің көзі жетіп отыр деп ойлаймын. Сол себепті осы биылдан бастап Назарбаев-Тоқаев режимі адам құқықтары бойынша проактив позиция ұстауға көшкен сияқты.

Мысалы, қаңтарда сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді вице-премьер болып тағайындалды. Одан бөлек ол жақында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүше болғысы келетінін айтты. Қазақстанның оған дейін мүше болғанын айта кету керек.

Бұдан бөлек Тоқаев халықаралық шетелдіктерге қазақстандық реформалар туралы айту керек деп алдында прокурорлармен кездескен кезде де айтты. Бүгін де шетелдіктерге көңілі толмайтынын айтты», — деді саясаттанушы.