Жайықта қырылған балықтың шығыны миллиондап саналады

0

ТЕРГЕУ

Желтоқсанның 25-і күні Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тағы парақшасында Жайық өзенінен 9,9 тонна өлі балықтың табылғаны туралы жазды.

Мекеме қызметкері өлі балықтар арасында торта балық, ақтабан, мөңке мен бекіре болғанын хабарлады. Ділдахметтің жазуынша, алғашқы зерттеу нәтижесі судағы хлорид мөлшері рұқсат етілген шамадан 1,5-2 есе артық екенін көрсеткен. Балықтардың қырылу себебі су мен «жансыз балықтардан» алынған сынаманы зертханалық тексеруден өткізген соң яғни, желтоқсанның соңына дейін белгілі болмақ.

Атырау облысындағы балықтың жаппай қырылу себебін анықтау үшін құрылған мекемеаралық комиссияның жақында өткен отырысында облыстық денсаулықты сақтау департаментінің жетекшісі Амантай Жұмағалиев «Жайық өзенінің әр жерінен 69 сынама алдық. Суда еш өзгеріс жоқ екенін ресми түрде мәлімдейміз» деген болатын.

Жайық өзеніндегі балықтың неден қырылғанын билік айта алмайды, себебі «нақты себебін анықтау үшін уақыт керек». Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Атырау облысының аймақтық коммуникация қызметі шығынды шамалап есептегендерін, жиналған өлі балықтар аймақ нарығына таралып кетпес үшін шара қолданып жатқандарын айтты.

«Балық шаруашылығы субъектілерін тартып, уәкілетті мекемелер мен инспекторларымыздың күш біріктіруі нәтижесінде 4 тонна 165 килограм балық жиналды. Балық қорына келген шығын 4,2 миллион теңгені құрайды. Перетаска ағысынан жылу электр орталығы қызметкерлері мен инспекторлар жинаған балық 1 тонна 304 кг болды, шығын 1 миллион 254 мың теңгеден асты» делінген облыстық коммуникация қызметінің хабарламасында.

Атырау облысының экология департаменті «Атырау Су Арнасы» компаниясын тексеруді аяқтап қалған және Атырау жылу электр орталығы мен балық өсіретін және бекіре өсіретін зауыттарды тексеруге дайындалып жатыр. Оған қоса, Орал-Каспий бассейні сағасын да тексермек, бірақ қазір толық жұмыс жасауға ауа-райы кедергі келтіріп тұр.

— Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол аяқталмайынша ешкімді айыптай алмаймыз. Тергеу біткен соң сұрақтарға жауап аламыз. Қазір қолымыздан келетіні – күн сайын мониторинг жасап, қоғамға Жайық өзеніндегі су бассейні жағдайы туралы хабарлап отыру. Ең бастысы, қазір балық өлімі туралы жаңа фактілер тіркелмеді, — деді жақында болған отырыста Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев.

«ШЫНДЫҚТЫ БІЛГІМІЗ КЕЛЕДІ»

Балықтар жаппай қырылған соң Атырау облысының тұрғындары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдері атына және Денсаулық сақтау министрінің атына петиция жолдады.

Жайық өзені. Атырау қаласы, 11 қараша 2017 жыл

Жайық өзені. Атырау қаласы, 11 қараша 2017 жыл

Үндеуде қол қойған азаматтар экологиялық апаттың алдын-алу үшін жағдайды анықтауды сұрайды.

«Жайық өзені мен Перетаска ағысындағы балықтардың жаппай қырылуына байланысты қоғам Каспий маңы сулы-батпақты алқабы, Жайық өзені мен оның Перетаска және Зарослый ағыстарына төніп тұрған ықтимал қауіпке алаңдайды. Адамдардың денсаулығы мен Каспий маңы аумағындағы табиғатқа қауіп төніп тұрғаны жайдан-жай айтыла бермейді» делінген хабарламада.

Адамдар биліктен әділ тексеріс жасап, балықтың қырылуына кінәлілерді жазалауды сұрайды, ауыз су мен су құбыры суының зертханалық зерттеу нәтижесін көрсетіп, рал мен оның ағысындағы су жағдайына тұрақты мониторинг жасауды талап етеді.

Қол қоюшылар Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық аймағының көлемін қайта қарау керек дейді. Қазір бұл аймаққа Жайық өзеніне суы қосылатын Перетаска ағысы жартылай кіреді. 26 желтоқсанға дейін петицияға 3,5 мыңға жуық адам қол қойған.

Атыраулық блогер Александра Чалова — (Facebook әлеуметтік желісінде Катерина Ландышева деген атпен танымал) петицияны әзірлеушілердің бірі. Ол қоғам мәселеге алаңдап отырғандықтан бұл істе барынша ашықтық керек дейді.

— Facebook бетінен небір болжамдар естисіз, адамдар балықты әдейі улап жатыр деп ойлайды. […] Оның бәрі ақпарат тапшылығынан туындайды. Петицияны құқық қорғаушылар, заңгерлер тексеріп, бейбіт сипатта жазылғанын көрді. Онда халықтың көмек сұраған жанайғайы бар, биліктің тәртіп орнатуын сұраймыз, «өзенге қараңыздар, бәрін бақылаңыздар» дедік. Қалада қауіпті кәсіпорындар көп, сондықтан бақылау керек, халыққа ашық ақпарат керек, — деді Александра Чалова Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында.

Александра Чалованың пікірінше, Жайық өзенінде қордаланып қалған экологиялық проблемалар көп, олардың бәрін тездетіп шешу керек.

– Өзеннің тазартылмағанына көп болды, түбінде қоқыс, торлар жатыр. Қатты тартылып та кетті. 1970-80 жылдары Жайықтың қала ішіндегі бөлігін әркез лай-батпақтан тазалайтын, отыз жылдан бері оны тазалағандарын көрмедік, — дейді ол.

Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуы туралы ақпарат желтоқсанның басында пайда болды, әлеуметтік желілерде өлі балықтар көрсетілген бейне роликтер жарияланды. Оқиғаны видеоға түсірген ер адам оны «экологиялық апат» деп атады.

Қарай отырыңыз: Балықтарға қатысты интернетте пайда болған видео (10 желтоқсан 2018)

Балық өліміне қатысты «Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу» (336-бап) және «Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу» (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.


Дереккөз: Азаттық