Жайықта қырылған балық қылмыстық іске түрткі болды
Желтоқсанның басында балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы видеолар тарай бастаған. Интернеттегі видеолардың бірін түсіріп тұрған тұрғын бұл жайтты «экологиялық апат» деп атаған. Атырау тұрғындарының пайымдауынша, Жайық өзенінде қатқан мұз әлі жұқа, сондықтан балықтарға ауа жетпей қалуы мүмкін емес.
Балықтың көп бөілігі Жайық өзенінің Перетаска тармағында өлген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл тармақта Атырау жылу электр орталығының насос станциясы орналасқан. Іс Атырау облыстық ішкі істер департаментіне жіберілген. Тексеріс қорытындысы әлі жарияланған жоқ.
ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРУ
Балықтардың жаппай қырылуынан кейін Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында ведомствоаралық комиссия жұмысын бастады. Арнайы топ балық қырылу себебін анықтамақ. Инспекцияның хабарлауынша, балық қырылу оқиғасының құжаттары қылмыстық іс қозғау және тергеу жүргізу үшін Атырау облыстық полиция департаментіне жіберілді.
«Атырау облысы экология департаменті және Атырау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына Жайық өзеніне су төгетін мекемелерге жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды» дейді инспекцияның бас маманы Ақмарал Каукенова.
Атырау облысы әкімдігі Facebook парақшасында қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары жүргізген тексеріс қорытындысын жариялады. Тексеріс қорытындысына сай, Жайық өзені суы «таза әрі адам денсаулығына қауіп төндірмейді».
«СИРЕК ҚҰБЫЛЫС»
Атырау облысындағы балық қорғау мәселелерін жазып жүрген жергілікті «Ақ Жайық» газетінің журналисі Мұрат Сұлтанғалиевтің пайымдауынша, Жайық өзенінде балықтардың қырылуы – сирек құбылыс.
— Жайық өзенінде балық қырылған кездер өте аз. Жалпы, балықтар каналдарда, тоғандарда, ескі арналарда көп қырылады. Ол жерлерде балықтарға ауа жетпей қалады. Балықтар Махамбет ауданы Ақтоғай ауылы маңындағы Жайық өзенінің ескі арнасында қырыла бастады. Бұл Атыраудан 30-40 шақырым жерде болды. Интернетте тараған видеода тұрғындар мұзды жарып, әлсіреген балықтарды шығарып, шанамен әкетіп жатқанын көруге болады. Кейін Жайық өзеніндегі балықтар Зарослый каналына қаша бастады. Бұл – балықтарға тән емес қылық. Себебі Зарослый каналында су аз. Ол жақта балықтарды өлім күтіп тұр, — дейді ол.
Қала тұрғындары балықтардың жаппай өлуін сапасыз судан көреді. Қаладағы пәтерлерге де су Жайық өзенінен келеді. Атыраулықтар әлеуметтік желіде судың сапасына жиі шағымданады. Қала тұрғыны Марина Александрова пәтеріндегі суды тек кір, ыдыс жууға қолданатынын айтады.
— Шәйнекке су қайнатсақ, аппақ дақ қалады. Шай дәмсіз. Сондықтан бөтелкедегі суды сатып алуға тырысамыз. Крандағы суды мүлде ішпейміз. Жайық өзеніндегі су таза шығар. Бірақ пәтерге су келетін құбырлар нашар сияқты, — дейді ол.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қазір Жайық өзенін өлген балықтардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, қазірге дейін бір тонна балықтың өлексесі жиналған.
Дереккөз: Азаттық