Жайық шаһары қайта жаңғырады

0
144

Алтын Орда мемлекетінде жүздеген шаһар болған. Ол заманда бірде-бір мем­­лекет мұндай дәрежеге жетпеген еді дей­ді ғалымдар. Осы қала­лардың кемін­­де үшеуі – Жайық, Жалпақтал және Сары­өзен қазіргі Батыс Қазақ­стан облысының аумағында жатыр.

Көне заман саяхатшылары Жайық өзенінің бойында ортағасырлық бірнеше шаһар болғаны туралы естеліктер қал­дырып, олардың орнын картаға да түсір­ген. Бірақ отаршыл Ресей де, оның мұра­гері – Кеңес өкіметі де Ұлы даланың ұлы қала­ларын зерттеуге құлықсыз болды.

– Кеңестік тарих ғылымы идеология­ның құлына айна­лып, тарихты бұрмалап көрсет­ті. Мысалы, Орал өңірінде орта­ғасырларда қала болғанын ХVІІІ ғасырда Паллас, Рычков секілді орыс ғалымдарының өзі айтып кеткен. Бірақ Кеңес кезінде ол туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Мысалы, Жалпақтал қаласы 68 га аумақты алып жатыр, ол жөнінде Паллас естелік қал­дырған. Бірақ біз оны 2007 жылы ғана таптық. Кеңес кезінде «қалалық мәде­ниетті, өркениетті таратушы – біз (орыстар) ғана» деген саясат насихатталды, – деген еді тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов.

Кесенелі көне жұрт

Орал қаласының іргесін­дегі орта­ғасырлық Жайық қалашы­ғының орны 2001 жылы кездейсоқ табылды. «Қара­шығанақ – Үлкен Шаған – Атырау» мұнай құбырын салушылар кірпіш күй­діретін үлкен пеш құрылысының үстінен түспесе, көне қала құпиясын қойнына жасырып әлі қанша жатар еді?!

Дегенмен, бұл маңда өрке­ниет ошағы, шулы шаһар, зиялы жұрт болғаны шынайы ғалымдарға ежелден-ақ белгілі-тұғын. Бірақ Ұлы даланың осы бір пұшпағын – Жайық бойын соңғы бірер ғасырда иемденген келімсектер бұл тарихты мүлдем жоюға тырыс­қан. Қала орындары, ондағы алып ғимарат­тар, тіпті зираттар тас-талқан болып қира­тылып, іргетасына дейін қазылып, тонал­ғаны – соның айғағы. Әбден талан-таражға түскен, тапталған тарихымыз Тәуелсіздіктің арқасында ғана түгенделе бастады.

Түгенделгені сол емес пе, көне шаһар орны табылға­ны жөнінде хабар естілісімен Ә.Мар­ғұлан атындағы археология инс­титутының мамандары Оралға келіп, қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмысты әйгілі археолог, академик Карл Байпақов қадағалады. Сөйтіп, Оралдың іргесін­дегі Желтау биігінен шығыс моншасы, тұрғын жайлар, бірнеше кесене орындары табылды.

– Дәл осы кесенеде көп сыр жатыр, – дейді Жайық қала­шығы орнында 2012 жылдан бері бірнеше жыл қаз­ба жұмысын жүргізген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов.

Ғалымдар көне қаланың орталық бейіті деп есептеген аймақтан орта­ғасыр­­лық қос ке­се­ненің орнын зерттеді. Бі­рін­­шісі – екі камералы немесе «кіші кесене» деп ата­лады. Мұрат Дабылұлы­ның пікірінше, бұл ескерткіш жоға­ры тап өкіліне тиісті болуы мүм­кін. Құрылыс және қаптау материалдары жер­гілікті жерде өндіріліп, олар жоғарыда айтыл­­ған құрылыс материал­дарын күйдіретін пештерде жасал­ғаны анықталды.

 Кесененің архитектуралық әдісі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы барлық Алтын Орда дәуіріне тиісті осындай құрылыстарына тән деуге болады. Яғни төрт бұрыш пішінде тіктеліп, 30х25х6; 24х24х5 см өлшемді кірпіш­тер­ден қаланған. Қазба жұмыс­тары кезінде өсімдік тектес оюлармен айшықталған қап­та­ма тақтайлар көп табылды. Бұндай жәдігерлер Алтын Орда қалаларының құрылыс ғимарат­тарында кездеседі.

Құрылыс орындарының қа­быр­ғалары мен едендері бір кез­дері түбегейлі бұзылып, тал­қан­далған. Кесене жоспарда тік­бұрыш­ты пішіндес болып, көлемі 9х12 м, екі күмбезбен көм­керілген болуы мүмкін. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 175 см-ге жетеді.

Бейіттегі зерттелген екінші нысана – «Үлкен кесене». Кесене екі камералы болып келіп, ені – 12,85 метрге, ұзындығы – 19,5 метр­ге жеткен. Кесене үстінде көлемі әртүрлі пішінде бірнеше күмбез болғанға ұқсайды. Олар өзіндік табандар мен өтпелі қон­дыр­ғыларға орнатыл­ған болуы мүмкін. Күмбездердің сырт­қы бөлігі көк жылтыр қаптама­лар­мен көмкерілген.

Ескерткіштің қасбеті (фасады) орта­лық монументаль­ды портал түрінде дайындалған. Кесененің ішкі бөлігі алтын жалатылған көк түсті қаптама­мен, полихромды жазбамен безендірілген. Бірінші бөлменің көлемі – 4,4х4,4 м, квадрат пішінде. Бұл бөлмені зияратшылар Құран сүрелерін оқуға немесе басқа да діни шаралар өт­кізу үшін пайдаланған болса керек. Ал негізгі бөлмеде 10 жер­­леу орны анықталды. Кесе­ненің төрін­дегі орталық қабір басқалардан ерекше болып келген. Бас қабірдің айналасы қызыл кірпіштермен биіктетіліп, сырты жылтыратылған қыш жапсырмалармен безендірілген.

– Біздің болжауымызша, бұл кесенеде әлдебір әулеттің ең сыйлы адамы немесе қандай да бір діни ғұлама қойылып, кейін оның қасына ағайын-тумалары немесе мурид-оқушы­­лары жерленген болуы мүмкін. Себебі кесенедегі бас қабір алдымен жер­лен­гені, қалғандары соңынан қойыл­ғаны зерттеу кезінде анықталды, – дейді Мұрат Қалменов.

Көне шаһардың жаңа ғұмыры

Жоғарыдағы жаңалықтардың өзі-ақ Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын дәлелдеген. Ғалымдар Жайық қаласы – бүгінгі Орал қаласының атасы деген ортақ пікірге келді. Сөйтіп «Орал қаласының іргесін 1613 жылы казактар қалады» деген ұшқары тұжырымның күлі көкке ұшты.

Ортағасырлық Жайық қаласы­ның даңқы жалпақ жұртқа жайылғаны­мен, алда әлі жасайтын жұмыс көп еді. Соның ішінде там-тұм табылған жәдігерлерге зертханалық терең талдау жасалынып, нақты ғылыми тұжырым­дар жасалуы қажет болатын. Батыс Қазақстан об­лыс­тық тарих және археология орта­лы­ғының бұрынғы басшы­сы Мұрат Сы­дықов ұсынған «Ортағасыр­лық Жайық қалашығы аспан астын­дағы музейі» жобасы да жоба күйінде қалып қойды.

– Жайық қалашығы орнынан табыл­ған үлкен кесенеден 11 адамның, кіші кесенеден 9 адамның сүйегі шыққаны бел­гі­лі. Бірақ осы сүйектерге лаборатория­­лық күрделі зерттеу жұмысы жүргізілді ме, нәтижесі қандай? Осы мәселе біз­ге бізге беймәлім болып тұр. Қазір тиіс­ті орын­­дарға хат жазып, сүйектерді кері қай­­таруды сұратып жатырмын, − дейді Батыс Қазақстан облыстық тарих және ар­хео­логия орталығының жаңа­дан таға­йын­далған директоры Жантас Сафуллин.

Сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыс қалдықтарына да зертханалық сараптама жасалмаған. Ал мұндай зерттеу керек-ақ. Кесене­де жерленген адамдар кім? Олар бір-біріне туысқан ба? Мүмкін Шыңғыс хан нәсілінен шығар? ДНК сараптамасы арқылы мұның бәрін анықтауға болар еді. Қыш қалдықтарына жасалған сараптама да оның жасын, құрамын, стилін анықтап, өзге өңірден табыл­ған жәдігерлермен салыстыруға, сол ар­қылы қандай да бір тұжырым жасауға мүмкіндік берер еді.

Дегенмен елімізде былтыр басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ортағасырлық қала тарихын зерттеу ісіне екінші тыныс ашты. «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында қала орны еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енгізілді. Өңір бас­шы­лығы да тарих тәбәрігін халықтың назарына ұсынуға, туристердің тамашалауына жағдай жасап, мәдени-рухани орталыққа айналуына мүдделі болып отыр.

– Көне Жайық қаласының орнын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жобасын дайындап жатырмыз, – дейді Жантас Сафуллин. – Кесене орындары анау жылы қазылғанымен, қазір қайта көмілген еді. Оның үстін жел мен жауын-шашыннан сақтайтын түссіз шатырмен көмкеріп, қайтадан қазсақ, келушілердің назарына ұсынсақ дейміз. Бір қызығы, дәл осы кесене жанында сармат заманынан қалған оба тұр. Ол обаға да қазба жұмысын жүргізіп, үлгі ретін­де сақтауымыз керек деп есептеймін. Өйткені бұл тарихи тізбекті – осы Ұлы даланың қожайындары болған сақ-сарматтардың және алтынор­да­лықтар­дың сабақтастығын дәлелдейтін керемет ескерткіштер ғой!

Хан тоғайына жаңа көзқарас

Орал қаласының іргесінде, Шаған өзенінің Жайыққа құйылар тұсында «Хан тоғайы» деп аталатын табиғи мүйіс бар. Табиғи тұмса қалпы күні бүгінге дейін сақталып жеткен осы атау қайдан шыққан?

Дәл осы жерде 1812 жылы Ішкі Қазақ ордасының билеушісі Бөкей хан Нұралы хан ұлын, 1824 жылы Бөкейұлы Жәңгір ханды ақ киізге отырғызып хан көтеру рәсімі – қазіргіше айтсақ инаугурациясы өткен.

– Орынбор билігі неге Бөкей мен Жәңгірді 600 шақырым жерден арнайы алдырып, Орал қаласының іргесінде хан көтеру рәсімін жасады? Біздің ойымызша, мұның бір мәні бар. Әлбетте, отаршыл империя өздері қолдап отырған Бөкей мен Жәңгір ханның билігін барынша легитимді еткісі, қазақ қоғамы жатсынбайтын рәсіммен жасағысы келді. Сондықтан да Хан тоғайында салтанатты той жасады. Өйткені бұл жерде ортағасырлардан-ақ осындай рәсімдер өткізілген болуы мүмкін. ХІХ ғасырдың басында іргедегі көне Жайық қаласының орны да анық сақталған шығар. Көне кесенеде Алтын Орда билеушілерінің бірі жатпасына кім кепіл? Қалай болғанда да бұл мәселе тиянақты зерттелу керек деп есептейміз, – дейді Батыс Қазақ­стан облыстық тарих және археология орта­лығының директоры Жантас Сафуллин.

Дәл осы ойды тарих ғылымдарының канди­даты, Махамбет Өтемісұлы аты­н­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің доценті Жаңабек Жақ­сы­ғалиев та қуаттайды.

– Сарайшық қаласында бір деректе 7, бір деректе 9 хан жерленгені айтылады. Сарайшық пен Жайық қаласының арасы ол кездегі өлшеммен алғанда да қашық емес. Сарайшық – ұлттың ұлы тұлғалары жерленетін пантеон болса, билеушілерді таққа отырғызып, хан сайлайтын орын – Жайық жағасын­дағы Хан тоғайы болуы әбден мүм­кін. Өйткені бұл жерді 1812 жылға дейін де, яғни Бөкейді хан көтерместен бұрын да «Хан тоғайы» деп атағаны жөнін­де деректер бар, – дейді Жаңабек Жаңабайұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/