Жайық өзенінен екі күнде жарты тонна өлі балық жинаған
«Спецавтобаза» және орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау бойынша облыстық инспекция, балық шаруашылығы басқармасының мамандары Жайық өзенінен екі күн ішінде 493 кило өлі балық жинаған.
Жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, арнайы акт толтырылып, жиналған балықтар жойылған. Мамандар дерек құқық қорғау органдарына беріліп, балықтардың қырылуы бойынша қозғалған қылмыстық іске тіркелетінін айтқан.
«Тергеу аясында әзірге айтуға болмайтын жайттар бар — бұл уақыт еншісінде. Не болғанын бірінші жеткізу емес — Жайық өзенін сақтап қалу маңызды. Мұны ұмытпауымыз керек. Жағдайды өкілетті органдар мен облыс басшылығы бақылап отыр» деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов 9 наурыз күнгі балықтардың қырылу себептерін зерттеу бойынша құрылған үкіметаралық комиссия отырысында.
Жайық өзенінде балық жаппай қырылып жатқаны туралы былтыр желтоқсан айында айтыла бастаған. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Жайықтан 10 тоннаға жуық өлі балық табылғанын мәлімдеген.
Өлі балықтың бір бөлігі сол кезде жиналған. Өзен беті қатып қалғандықтан қалған бөлігін жинау мүмкін болмаған еді. 8 наурызда Жайық өзенін өлі балықтардан тазарту жұмыстары басталғаны хабарланған.
Соңғы кезде еріп жатқан Жайық өзенінен өлі балықтар шыға бастағаны туралы әлеуметтік желіде видеолар да жариялана бастаған.
Атыраулық «Ақжайық» басылымы жариялаған видео (4 наурыз 2019 жыл).
Балықтар жаппай қырылған соң Атырау облысының тұрғындары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдері атына және денсаулық сақтау министрінің атына петиция жолдаған.
Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.