Жайық өзенін құтқару және қоғам сынына ұшыраған сот үкімі

0
84

ӨЗЕНДІ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРУҒА БОЛАТЫНЫН ҒАЛЫМДАР БІЛМЕЙДІ

“Уральская неделя” басылымы осы аптада Орал қаласында қазақстандық және ресейлік ғалымдар, экологтар, мемлекеттік орган өкілдері жиналып, Жайық өзенінің ахуалын талқылағанын жазды. Мамандар Жайық өзені деңгейінің қатты төмендеп кеткенін айтқан.

“Орыс географиялық қоғамының” вице-президенті, ғалым Александр Чибилев Жайық өзенін құтқару үшін тараптардың не істеу қажеттігін білмей отырғанын, Қазақстан мен Ресей үкіметі ұзақ жылдар бойы өзеннің жағдайын зерттеуге қаржы бөлмегенін айтқан.

«Біз өзеннің мәселесін ұзақ жылдар бойы айтып келеміз, бірақ оқиғаның себебін толық түсіну үшін кең көлемді ғылыми зерттеу қажет. Мұндай зерттеулер соңғы отыз жылда жасалмаған. Мұны атқару үшін екі елдің билігі мемлекет деңгейінде шешім қабылдауы қажет. Қаражат, зерттейтін мамандар табу керек. Тек содан кейін ғана өзеннің ахуалын жақсарту бойынша қандай да бір жоспарлар жайлы айта аламыз» деді Чибилев.

Жайық жағасы.

Жайық жағасы.

Жиынға келген Орынбор экологтары қазіргі кезде қала маңындағы өзен деңгейінің түсіп кеткені соншалықты оны жаяу кешіп өтуге болатынын айтқан. Бұрын қайықтар жүзіп жүретін өзен ересек адамның белуарынан ғана келеді. Атырау облысының тұрғындары да өзеннің қатты тартылып кеткенін, кейбір тұрғындар өзен маңындағы ормандардың жойылып бара жатқанын алға тартқан.

Жайық-Каспий бассейнінің су ресурстарын реттеу және қорғау бойынша инспекция басшылары Орынбор облысындағы Ириклий су қоймасының әкімшілігіне Қазақстан аумағына көбірек су жіберу туралы бірнеше рет өтініш айтқанын, бірақ бұдан нәтиже болмағанын айтқан.

Atpress.kz сайтында жарияланған «Жайық өзенінің тартылуы тек Ириклий су қоймасымен ғана байланысты емес» атты мақалада жергілікті өлкетанушылар мен экологтар өзен ахуалын жақсартуға байланысты пікірлерін айтқан.

«Ең әуелі өзеннің бойында жаңа су қоймалары мен бөгеттерді салуды тоқтату керек. Жайық өзенінің саласында да салуға болмайды. Магнитогорскі, Челябинскі және Ириклий су қоймасы сияқты қаншасын салып та үлгерді?! Жайық өзеніне су аз келгендіктен өзен ағысы баяулайды, кейіннен мүлде Каспийге құюын тоқтатады. Ғаламдық апат болып, аймақтағы барлық тіршілік иелері жойылады. Сондықтан өзенді сақтап қалу үшін жалпы стратегиялық жоспар қабылдау қажет» деді эколог Жайсан Ақбаев.

Жергілікті эколог Нариман Өтешовтің пікірінше, қысқамерзімдік, ортамерзімдік жоспар жасалып, мемлекеттік бағдарламаға енгізілуі қажет. Арнайы қаражат бөлмей, мамандар айтқан кеңестердің бәрі орындалмай қалады деп есептейді. Ол Дунай жағалауындағы елдердің өзара келісіп, су ресурсын тиімді қолданып отырғанын айтып, Қазақстан мен Ресей де осылай жасауы керек деп санайды.

Академик Александр Чибилев Жайық өзенінің деңгейіне тек Ириклий су қоймасы ғана емес, Башқұртстаннан келетін Сакмара су қоймасы сияқты өзге де нысандар әсер етеді деп айтқан. Сайттың жазуынша, Ириклий су қоймасында да маусым айының басында жаппай балық қырылып, апат себебі анықталмаған. Қазір арнайы комиссия апат себебін зерттеп жатыр.

Қарай отырыңыз: Жайықта қырылған балық (Сәуір айы, 2019 жыл).

СОТ ҮКІМІН ЕСТІГЕН ЖӘБІРЛЕНУШІ ШОК БОЛҒАН

Осы аптада Қостанайда пойызда «әйелді зорлады» деп айыпталған екі жолсерікке байланысты сот үкімі шықты. Айыпталушылар Жетес Үмбеталиев пен Қолғанат Құрманиязов 2,5 және 2 жылға сотталған. Мұның алдында прокурор оларды алты жылға соттауды сұраған еді.

«Не молчи KZ» қозғалысының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Смаиловаға сілтеме жасаған қостанайлық «Наша газета» басылымы сот үкімін естіген жәбірленушінің шок болғанын жазды.

Құқық қорғаушының пікірінше, судья «тағылған айыпты мойындамай, жасаған ісіне өкінбеген» айыпталушыларды екі жарым жылға соттап, өте төмен жаза тағайындаған. Оның айтуынша, жәбірленуші қазір стресс жағдайын өткеріп жатыр, процесс кезінде 15 килограмға арықтаған.

Құқық қорғаушы Дина Смаилова.

Құқық қорғаушы Дина Смаилова.

«Ең өкініштісі, енді ол ұзақ уақыт өзінің әдепті әйел екенін дәлелдеуіне тура келеді. Әлеуметтік желідегі кейбір пікірлерден төбе шашың тік тұрады. Неге екені белгісіз, оның пойызда мас болғанын жазып жатыр. Сот сараптамасы үшеуінің де ішпегенін анықтаған және мұны судья да айтты. Бірақ айталық, тіпті кез келген жолаушы сапардан қайтып келе жатып, вагон-мейрамханасында ішіп, жолаушылармен сөйлесті делік, демек оны зорлауға бола ма? Әсіресе кейбір қазақтілді қолданушылардың пікірі әйел өз орнын білу керек дегенге келеді. Олардың пікірін оқып отырып, жұмыста немесе таксиде ішімдік ішкен әйелді көрсе, тап беріп, зорлауға болады деген ой түюге болады. Және мұны қалыпты нәрсе деп санайды» деді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы сот үкімін міндетті түрде апелляцияға беретінін айтқан.

Қылмыстық іске түрткі болған оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Тергеу орындарының құжатына сәйкес, Нұр-Сұлтаннан Ақтөбеге бару үшін «Тұлпар-Тальго» пойызына мінген жолаушыны түнде купеге өз кілттерімен кірген жолсеріктер зорлаған. Кейін жәбірленуші «НеМолчиKZ» қоғамдық қорынан көмек сұраған. Ал қор жетекшісі Дина Смаилова бұл оқиға жайлы өзінің Facebook парақшасына жариялағаннан кейін көпшілік назар аударды.

Сот үкімі шыққан соң әлеуметтік желіде көп қолданушы судьяның әділетсіз үкім шығарғанын жазып, сынады. Кейбір қолданушы «судья қылмысы үшін айыпталушыларды мақтағандай болыпты» деп жазды.

Azattyq