Жайлы отырып, кітап оқы! | «Айқын» газеті

0
116

Ақтөбедегі кітапханалар ескілікті ысырып қойып, оқырмандарына жайлы орын сайлады. Бұл жолы Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы заман талабына сай қызмет көрсетуге көшті. Сo-working орталығы ашылып, оқырмандарға қызмет көрсету басталды.

«Нұр Отан» партиясының «Білім ор­талығы» партиялық жобасы аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында сo-working орталығы ашылды. Бұл пар­тиядағы Саяси кеңес отырысы кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдаған әлеуметтік бастамалардың Ақтөбе облы­сында табысты іске асы­рылып жатқанын көрсетеді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысында Елбасының қолдауына ие болған тың бастамаларды өңірде қарқынды жүзеге асыру мақсатында қала, аудан әкімдеріне co-working орта­лықтарын ашу және оны қаржыландыру тетіктерін пысықтау жөнінде нақты тап­сырмалар берді. Сапалы, жаңа форматта білім алуға мүмкіндік беретін co-working орталығы алғаш рет Алға ауданы Бестамақ ауылдық кітапханасы базасында ашылса, қазіргі кезде барлығы 6 заманауи білім ор­талығы іске қосылды. Басты бөлігі аудан­дарда орналасқан. Ал Ақтөбе қаласындағы сo-working орталығы кез келген оқыр­манның көңілінен шығады. Мұнда кітапты орындықта емес, жайлы кресло, диванда оты­рып оқуға болады. Егер пікірталас ұйым­дастырып, ортақ әңгіме жасауды көз­десе оған да арнайы бұрыш жасақталды. Жеке және топпен жұмыс істеуге арналған бұрыш, тегін Wi-Fi, қажетті компьютер және кітаптарды онлайн оқуға арналған QR код қарастырылған.
«Сo-working орталықтарының ашы­луы – жастардың бос уақытын тиімді пай­да­­лануы үшін жасалған қамқорлық және сапалы білім алуларына жасалған жағдай. Кітапханалардың жаңғыртылуы өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын оятып, білімге деген құштарлығын арттырып, жаңа құндылықтардың қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Олар ізденуден, үйренуден, білім алудан жалықпауы тиіс. Соның ішінде бұл мүмкіндікті «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тиімді пайдалануы керек», – деді партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова.
Бұл пікірді «Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе об­лыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин де қостады.
«Бұл – тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын білім ор­талығы. Жастар үшін ораторлық курстар, интеллектуалдық ойындар, шет тілдерін үйрету курстары, киноклубтар ұйым­дас­тырылатын болады», – деді ол.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе облысы

Дереккөз: Айқын